Байзақ ауданында 50 415 га жер электрондық картаға енгізілді

0 2

2018 жылы межеленген көрсеткіштерге қол жеткізу бағытында атқарылған жұмыстар нәтижесінде Байзақ ауданының әлеуметтік – экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің оң динамикасы қалыптасты. Бұл туралы аудан әкімі Рахматілдә Cегізбайұлы есеп беру баяндамасында айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

Аудандағы егілген жерлер көлемі 1 683,2 гектарға (3,3%) артты. Егістік алқаптарын электрондық картаға енгізу қадағалауға қосымша мүмкіндіктер беріп отыр. Қазіргі таңда, аудандағы 50 415 га жер электрондық картаға енгізілді. Ендігі кезекте барлық санаттағы жерлерді картаға толық енгізіп, игерілуін қатаң қадағалау ауданның ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттырады.

Жер есебі бойынша ауданның жер қоры 446,3 мың гектар, оның ішінде, егістік 64,3 мың гектар, көп жылдық екпелер 0,5 мың гектар, шабындық 6,6 мың гектар, жайылым 339,4 мың гектарды құрайды.

2018 жылы 385,88 га жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал, аудан бойынша егістік жерлер көлемі 1991 жылы 72,9 мың гектарды құраса, 14,2 мың гектар егістік жерлер жайылымға ауыстырылған. 58,7 мың егістік жерлер айналымда жүр.

Ал, аудан көлеміндегі елдімекендердегі жайылым жерлер 7,7 мың гектарды құрады.
Бірақ, мұндағы елдімекендер 222,9 мың гектар жайылым жерлерді қажет етеді. Жайылым жерлері бар, малы жоқ 62 жер пайдаланушының 3 051 га жерлерін мемлекетке қайтаруға шаралар қолданылуда.

Шаруа фермер қожалықтардың ұсақтығына байланысты, 2018 жылғы жер есебіне сәйкес, ауданда 2 798 шаруа қожалығы тіркелсе, соның 1 268 шаруа қожалығының жерлері 10 гектардан аспайды. Егістік 58,7 мың гектар, осы суармалы жерлердің 40 – 45 пайызы судың тапшылығын сезініп отыр.

Сондай-ақ, аудандағы 129 су шаруашылығы нысандарының 97-сі «Казсушар» , кәсіпорының теңгерімінде. Қалған 32 каналдың 19-ы ауылдық округтер теңгеріміне өтті. Ал,  12 канал әділет органында иесіз мүлік ретінде тіркеуден өткізіліп, ауылдық округ әкімдерінің теңгеріміне алу үшін аудандық сотқа хат жолданған. Соттың шешімі шыққаннан кейін аталған каналдарға мемлекеттік актілері мен төлқұжаттары әзірленіп, республикалық меншікке өтетін болады.

Ағымдағы жылы 16 каналдың 154,6 шақырымы тазаланған. Бірақ, ауданда  13,2 млн. м3 құрайтын 29 су қоймасы бар. Оның ішінде, 14 су қоймаларына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.

Өткен жылы ағын су тапшылығы жағдайында су үнемдеу технологиясын 902,5 гектар алқапқа енгізілсе, 2018 жылы бұл көлем 337,5 гектарға ұлғайтылып, 1 240 гектарды құрады. Оның ішінде 315 гектары қант қызылшасы.
Ауданда 5 жылыжай (5,2 га) шаруашылығы жұмыс істейді. Биыл 7 отбасылық жылыжай іске қосылды. 2018 жылы бұл жылыжайлардан жалпы 898,8 тонна қияр және 50 тонна қызанақ жиналды.

Ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2018 жылы 30 млрд. 818 млн. теңгені құрады және 2018 жылы өткен жылмен салыстырғанда егін шаруашылығында дақылдардың барлық түрі бойынша өнім көлемдері өсті.

Сонымен қатар, ауданда 160,6 мың тонна көкөніс өндіріледі. Бірақ осы өнімдерді қайта өңдеу кәсіпорыны жоқ. Бұл мәселені шешу мақсатында жеке кәсіпкер «Жабатаева Л.» құны 430 млн. теңге көкөніс консервілеу цехы мен сыйымдылығы 3 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы құрылысының жобасын әзірлеп, облыстық кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізіліп, тиісті жер бөлінді.

Агротехникалық талаптарды орындау арқылы дақылдардың өнімділігін арттыру жолдарының бірі — алқаптарды тыңайту. Өткен жылы 196 шаруашылыққа 2 806,4 тонна тыңайтқыштар алынып, 13 110 гектар егістік алқаптарға қолданылды.

Есепті кезеңде 30 шаруашылық 367,450 млн. теңгеге 60 жаңа техникалар алып, ауыл шаруашылық техникалар паркін жаңартты.  Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл, мүйізді ірі қара, мал басы көбейген.

Мал басының ұлғаюына сәйкес, шаруалардың экспорттық әлеуетін арттыру жұмыстары жүргізілуде.  Ет экспорты бойынша 157,4 тонна қозы еті өткізіліп, ал МІҚ малының 158,4 тонна еті өткізілді. Сонымен қатар, 224 тонна құс еті экспортқа шығарылды.

Қазіргі таңда, 50 ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 807 мүше бірікті. Жеке қосалқы шаруашылық негізінде құрылған кооперативтер саны — 17. Бүгінгі күнге осы кооперативтердің 9-ы жұмыс жасауда, ал, қалған 8 кооператив «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан қаржыландыруды күтіп отыр. Осы кооперативтер 628,8 млн. теңге несиеге, 2 352 бас сауын сиыр, 3 сүт тасымалдау көлігі, 5 сүт сақтайтын танкер және 1 құрама жем дайындайтын құрылғы алуға қол жеткізді.

Ауданда мал ауруларының алдын алу және ветеринарлық іс-шараларды жүргізуге 7 ветеринарлық пункттер Көптерек, Жалғызтөбе, Жаңатұрмыс, Диқан, Ынтымақ, Темірбек, Суханбаев ауылдық округтерінде қамтылды. Қалған ауылдық округтерді 10 ветеринарлық қызметтік ғимаратпен қамтамасыз ету міндеті тұр. 2019 жылы 5 ауылдық округті (Жаңасаз, Мырзатай, Түймекент, Ботамойнақ, Бәйтерек), 2020 жылы 5 ауылдық округті (Сарыкемер, Қызыл жұлдыз, Бурыл, Көктал, Үлгілі) ветеринариялық қызметтік ғимаратпен қамту жоспарлануда.

Авторы: Жазира Ережепбаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.