Байзақ ауданында 2018 жылы 4 ауыл ауыз сумен және көгілдір отынмен қамтылды

0 0

Байзақ ауданында 2018 жылы 4 ауылда  ауыз су жүйесі құрылысы және газ тарту жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев есеп беру баяндамасында айтты, – деп хабарлайды “ZhambylNews” АА.

Су жүйесі Кеңес, Абай, Мырзатай, Тегістік ауылдарына тартылған. Ал, 42 елді мекеннің 20 ауылы ауыз сумен қамтылған, бұл 47,6% құрайды.

Ауданда жер асты су қорлары анықталған 6 ауылға (Сарыкемер, Байзақ, Қостөбе, Талас, Көктал) жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленді. Оның ішінде 5 ауылдағы құрылыстың жобалық құжаттары мемлекеттік сараптамаға жолданып, 5-еуіне сараптама алынды. Құрылыстарға қаржы қарастырылған жағдайда 45 499 адам ауыз сумен қамтылып, ауданның ауыз сумен қамтылу көрсеткішін 26 елді мекені, халық саны бойынша 78 692 тұрғынға жетеді.

Сонымен қатар, 25 ауыл газбен қамтылған. Көгілдір отыны жоқ 21 елді мекенге жаңа газ құбырын салу жұмыстарына ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Құрылыс жүзеге асырылған жағдайда осы елдімекендердің 2 081 үйі газбен қамтамасыз етіледі.

Ал, тұрғындар мәселенің шешілуін күтпей 2017 жылы Жаңатұрмыс ауылдық округінің 3 ауылына өз есебінен 186 үйге газ кіргізді.

Сондай-ақ, 2018 жылы 4 ауылда (Жаңатұрмыс, Абай, Кеңес, Тегістік) 216 үйге газ кіргізілді. Бұған қоса, Мәдімар ауылында құжаттары рәсімделіп, газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, аудан бойынша 21 елді мекенді газдандыру бойынша жобаның құрылыс жұмыстарын 2019 жылы қаржыландыру мақсатында, облыстық бюджеттен қаралған 3,4 млрд. теңгенің 1,365 млн. теңгесі игерілген. Ал, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының тарапынан қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, мердігерді анықтау жұмыстары жасалуда. Жоба құрылыспен іске асырылған кезде ауданның 21 елді мекені кезең-кезеңімен газдандырылады.

Авторы: Жазира Ережепбаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.