Қорағаты ауылдық округінде ағымдағы жылы көгілдір отын кіргізу мәселесі оң шешімін таппақ, қазір тиісті құжаттар ресімделіп, бюджет есебінен ауылға газ құбырын тарту жұмысы қатаң бақылауға алынған. Бұл туралы Т. Рысқұлов ауданы әкімі Асқар Қрықбаевтың халық алдында есеп беру барысында айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Т.Рысқұлов ауданы әкімі Асқар Санатұлы алғашқы есебін Қорағаты ауылдық округіне қарасты Қорағаты, Аққайнар, Мамыртөбе ауылдары мен Қорағаты станциясы жұртшылығымен кездесуден бастады. Есепті жиында ауылдық округ әкімі Бақытбек Аблазимов атқарған жұмысы туралы есеп берді. Халық тарапынан ауылда атқарылған жұмыстарға оң баға берілді.
Өз кезегінде халық алдында сөз алған аудан әкімі Асқар Қрықбаев ауданның әл-ауқаты мен экономикасының дамуы бойынша өткен жылға талдау жасап, қол жеткен табыстар мен ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстары мен жоспарларын жариялады. Өткен жыл аудан үшін жетістіктер жылы болғанын, ауданнан Еңбек ері атағын С.Дөненбаевтың иеленуі, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсында Ниязқұловтар отбасының бас бәйге алуы-ауданның, тіпті облыстың зор жетістігі екендігін жеткізді.
Ауданда барлық сала бойынша оң көрсеткіштерге қол жеткізіліп, индикаторлық межені артығымен орындауға қол жеткенін дәлелді фактілермен атап өтті. Ауылдық округтен қатысқан ауыл тұрғындары аудан әкімінің атқарған жұмысына оң бағасын беріп, ризашылықтарын білдірді.
Көтерілген басты мәселелер төңірегінде аудан әкімі А.Қрықбаев халыққа өз тарапынан қолға алынатын шаруалар туралы айтты. Биылғы жылы Қорағаты ауылдық фельдшерлік пунктінің құрылысы салынатын болса, демеушілер есебінен былтыр басталған ауылдық мешіт құрылысы толық аяқталатынын жеткізді. Сондай-ақ, Қорағаты ауылының 3 көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Тұрғындар тарапынан қойылған кооперативке бірігу, жерді бөліп, ірі шаруашылықтарға қосылу бойынша да сала мамандары заңнамалық талаптарды түсіндіре отырып, тиісті жауаптарын берді.