Жамбылдық диқандар қыстың қақ ортасында егін егуді бастап кетті

0 2

Еліміздің оңтүстігіндегі Жамбыл облысының диқандары қыстың қақ ортасы қаңтарда егін егуді бастап кетті. Бұл туралы «ZhambylNews» AA 24.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Қазір олар жер жыртып, дән сеуіп жатыр. Шаруалар мұндай қадамға амалсыздан барып отыр. Айтуларынша, су тапшы. Маңайда ағып жатқан Аса өзенінің суын ұзақ жылдан бері пайдалана алмай келеді. Бұл жөнінде талай рет айтылса да, егіс алқабына келіп тұрған ескі канал тиімсіз деп танылып, жөнделмей тұрған көрінеді.

Нұржан Өмірзақов, механизатор:

– Қолайлы күн болып тұр. Жердің ылғалдылығы нормаға сай болып тұр. Қазір егіп жатырмыз. Бір 4-5 күннің ішінде егіп бітіріп кетсек деген ойымыз бар.

Қыстың қақ ортасы. Алқапта ауылшаруашылық техникалары тынымсыз жұмыс істеп жүр. Жергілікті шаруалар ауа райының қолайлы тұсын пайдаланып қалу үшін жанталасып жатыр. Науқан мезгілсіз. Бірақ ауылдық ағайында басқа амал қалмаған.

Диқаншылар 150 гектарға жуық жерді жыртып, арпа сеуіп тастады. Айтуларынша, қазір себілген көктемде жақсы өніп, тез көтеріледі.

Өріккүл Шонтаева, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Әрине, егер суымыз болса, мүмкіншілігіміз болса онда еккенге не жетсін. Оған бізде ешқандай су жоқ. Сондықтан қазіргі топырақтың ылғалын және алда жауын-шашын болады деген үмітпен егіп жатырмыз.

Су жоқ емес, бар. Алқапқа жақын маңайда Аса өзені ағып жатыр. Егер суды бұрған жағдайда 500 гектардан астам жерді игеруге болады. Шаруа қожалығының жетекшісі жағдайды айтып, 5 жыл бойы талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Алған жауап: «Каналға жөндеу жүргізу тиімсіз. Өйткені жанында егіс жоқ». Енді 200-ге жуық мүшесі бар ауылдық ұжым егін егіп жатыр. Олар каналды жөндеп су жүгіртсе, мол өнім алып халықты жұмыспен қамтуға болатындығын дәлелдеу үшін осындай тәуекелге бел буып отыр.

Өріккүл Шонтаева, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Асаның бойына егер жабдық орнатылған болатын болса, дайын канал тұр. Сонымен су келер еді. Ал мен оны осы уақытқа дейін дәлелдеп көрсете алмадым. Каналды айттым. Аса тұр. Ешқандай техника оны қазбайды. Қазіргі таңда осы қуаңшылыққа қарамай, дәлелдеу үшін жасауға мәжбүр болып тұрмын.

Еркебай Рысалиев, Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Ұсыныс айтылған. Хат тасталған. «Сұлтан каналынан шлюз жасап берсе, ауылдық тұрғындарға дұрыс болар еді» деген хат тасталған. Нақты айтсам 2016-2017 жылы облыстың әкіміне жіберілген. Облыс әкімінен хат келді. Хатта ол тиімсіз деп саналды. Ол бізбен санасқан жоқ.

Қалай болғанда да қазір Тоғызтарау ауылдық округінің ұжымы жеке инвестор тартып жұмысты бастады. Биыл жалпы көлемі 250 гектар жерге арпа, 50 гектар мақсары екпек.

Жалпы Жамбыл ауданында биыл 13 мың гектардан астам жерге дәнді және бұршақты дақыл егу жоспарда бар. Қазір дала жұмыстары қызу жүріп жатыр. Алайда аудандық мамандардың басталған іске сенімнен көрі, күдігі басым.

Leave A Reply

Your email address will not be published.