Жуалы ауданы әкімі Бақтияр Көпбосынов Көкбастау, Қызыларық, Ақтөбе ауылдық округтері тұрғындары алдында 2018 жылдың әлуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған есептік жиын өткізді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Соңғы жылдары аудан аграрлық бағыт алып келген болатын. Ал қазір индустрияға көп мән беріп, аудан аумағында өнеркәсіп объектілері көптеп салынуда. Оған дәлел – Нұрлыкент ауылында жиынтық қуаты 100 МВт құрайтын қос бірдей күн электр станциясы, Көксай аңғарынан қуаты 18 мВт су электр станциясы, алдағы жылы Ақсай өзені аңғарынан да дәл осындай су электр станциясы салынбақ.
Жалпы аудан барлық салада өсім көрсетіп отыр. Нәтижесінде, аудан облыста ІІ орынды, құрылыс саласы бойынша І орынды, инвестиция тартуда ІІ орынды иеленді. Бұл көрсеткішке аудан көпшіліктің күш-жігері арқасында қол жеткізгенін атап көрсетті.
Одан бөлек, Қытай және Бельгия мемлекеттеріне 100 тонна мақсары майы экспортталды. Өткен жылы тұңғыш рет көрші Қырғыз еліне 26 тонна ет экспортталды. Мұнай базасының ашылуы нәтижесінде өңірде бензин бағасы тұрақтанып, 5 теңгеге арзандап отыр. Дизель отыны бойынша бағаны төмендету шаралары жүргізілуде. Ал аудан аумағындағы жолдар 84 пайыз сапалы жағдайда.
Бұдан басқа, Б.Момышұлы ауылына кіреберісте демалыс аймағындағы мұз айдынында шаңғы тебу, сырғанау жолағында облыстан қонақтар келіп демалуда.
Сондай-ақ, 385 адам ресми жұмыссыз ретінде тіркелген, 3154 адам жұмыспен қамту шараларына тартылды. Кәсіпкерлерге 426 млн теңгенің жеңілдетілген несиесі берілді, жұмыссыздық деңгейі 2017 жылы 2,6 пайыз, 2018 жылы 4,3 пайызды құрады.
Ал қылмыс бойынша 2017 жылы — 282 оқиға, 2018 жылы — 227 оқиға тіркелген, 19,5 пайызға қылмыс азайған. Сонымен қатар, «Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасы облыста алғашқылардың бірі болып қабылданып, іске асырылуда. Қылмыстың ашылуы 2017 жылы 50,5 пайыз, 2018 жылы 57,9 пайыз, яғни 7,4 пайызға артқан. Қылмыскерлер қатаң жазаланатын болады.
Аудан әкімінің есептік кездесулерінде қос ауылдық округтің әкімдері Ержан Серкебаев пен Ерлан Сейдалиев, жергілікті учаскелік полиция инспекторлары атқарған жұмысы туралы есеп берді. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға тиісті басшылар жауап берді.