Жамбыл ауданында 2019 жылы 5 елді мекен газбен қамтылады. Олар Рахат, Еңбек, Тастөбе, Ащыбұлақ, Қаракемер ауылдары. Бұл туралы аудан әкімі Бақыт Қазанбасов 2018 жылғы атқарылған жұмыстарға халық алдында есеп беру барысында айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Бақыт Алпысбайұлының айтуынша, үстіміздегі жылы 13 елді мекеннің 5-не газ құбыры магистралін салуға республикалық және облыстық бюджеттен 333,3 млн теңге қаржы бөлінген. Аталған 5 елді мекеннің ауылішілік газ тарату желісі құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу және кешенді сараптамадан өткізуге облыстық бюджеттен 40,5 млн. теңге қарастырылды.
Айта кетейік, Жамбыл ауданы бойынша 42 елді мекеннің 24-і немесе 57,1 пайызы газбен қамтылған.
Тағы бір жаңалық. Аудандағы 42 елді мекеннің 19-да орталықтандырылған ауыз су жүйесі бар немесе ол жалпы ауыз сумен қамтылғандардың 45,2 пайызын құрайды. Атап айтар болсақ, есепті жылы Пригородное және Тоғызтарау елді мекендерінің ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесін қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Ал, Шайқорық, Танта, Қоңыртөбе, Қапал елді мекендері мен Шайқорық стансасын ауыз сумен қамту бойынша құрылыс жұмыстары басталды. Аталған жобаны қаржыландыру Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары комитеті арқылы жүргізіледі. Құрылыс жұмыстарын 2019 жылдың соңында аяқтау жоспарлануда.
Сонымен бірге, Бәйтерек, Қаратау елді мекендерінің және Аса, Бесжылдық ауылдарының жаңа тұрғын алқаптарын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысы жобаларының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге және кешенді сараптамадан өткізуге облыстық бюджеттен 19 980 мың теңге бөлінді.
«2019 жылы Ақбұлым, Қызылқайнар, Жасөркен, Бесағаш, Түрксіб, Қаракемер, Бектөбе, Қызылшарық, Айшабибі, Бірлесу-Еңбек елді мекендерін сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға әзірленген жобалық-сметалық құжаттарын кешенді сараптамадан өткізуге аудандық бюджеттен 14 066 мың теңге қаржы қаралып отыр», — деді аудан басшысы.