Жамбыл ауданында 2019 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 72 млн. 887 мың теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылады. Бұл туралы аудан әкімі Бақыт Қазанбасов өткен жылы атқарылған жұмыстарға халық алдында есеп беру барысында айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
«Аталған қаржыға Аса, Ақбастау, Жамбыл, Қызылқайнар, Қаратөбе, Қаракемер ауылдық округтерінде түрлі спорт алаңдарын салу, Гродиково ауылында Ақжол көшесінің жаяу жүргіншілер жолын жөндеу, Ащыбұлақ ауылындағы «Белгісіз солдат» ескерткішін жөндеу, Ақбұлым ауылында Жібек жолы көшесін жарықтандыру, Пригородное ауылындағы Келдіғұлұлы көшесін жарықтандыру үшін трансформатор орнату және Айшабибі ауылының Рысқұлов көшесін, Бесағаш ауылының Абай көшесін, Пригородное ауылының Бекназаров көшесінің 1 және 2-бұрылыстарын, Тастөбе ауылының Мыхаев көшесін, Өрнек ауылының С.Мұқанов, М.Нарқұлов көшелерін және Жалпақтөбе ауылының Ванахун көшесі жөндеуден өткізілетін болады», — деді аудан басшысы.
Айта кетейік, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылық қолдау бағытын іске асыру аясында 2018 жылы жалпы сомасы 72 млн. 592 мың теңгеге 17 ауылдық округте 19 жоба іске асырылды. Оның ішінде 5 ауылішілік көше жолдары жөнделіп, 2 көшенің тротуарларын жөндеу, 2 көшені жарықтандыру, 5 білім беру нысандары (3 мектеп, 2 балабақша) және 1 ауылдық клуб ғимаратына ағымды жөндеу жұмыстары, 1 шағын футбол алаңының қоршауын жөндеу, 2 ҰОС ескерткішін жөндеу және 1 ауылды абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Тағы бір жаңалық. Өткен жылғы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 100,1 млн. теңгеге 7 жобаның құжаттары аймақтық үйлестіру кеңесінде қаралуда. Жоба іске асырылған жағдайда 35 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Сондай-ақ, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 1 335 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, 1 498 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 12,2 пайызға артық орындалды.
Бүгінде ауданда жұмыспен қамту бөліміне 2 643 адам жұмысқа орналасуға өтініш білдіріп, оның 2 254-і жұмыспен қамтылды немесе қамтылу деңгейі 85,3 пайызды құрады.