«Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясын өңірлік даму институтына айналдыру қажет. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен басқосуда өңір басшысы Асқар Мырзаxметов осылай деді, — хабарлайды «ZhambylNews» AA облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берген аталмыш корпорация басшысы Нүркен Шәрбиев бизнес құрылымдары арқылы салынған инвестиция көрсеткіші 146 миллион теңгеге жуықтағанын жеткізді. Ол 59 инвестициялық жобаға талдау жасап, оның 6-ы кен өңдеу, 3-і мал шаруашылығы, 12-сі өндіріс, 11-і қызмет көрсету, 5-і құрылыс саласы, 22-і өсімдік шаруашылығы саласына тиісті екенін тілге тиек етті.
Корпорация бірқатар көрсеткіштерде ойдағыдай нәтижеге қол жеткізгенімен, шешімін күткен түйінді мәселелер де аз емес болып шықты.
Айталық, облыс орталығындағы жабайы сауда орындарын жойып, біртипті дүңгіршектер салу жұмыстары қолға алынғанымен, бүгінде оның небары 12-сі ғана бой көтерген. Индустриалды аймақ құруға қатысты мәселер де нақты шешілмеген. Кәсіпкерлерді қолдау шараларына бөлінген қаржыны бақылау жұмыстары да ойдағыдай емес. Асқар Исабекұлы бұл орайда құзырлы мекемелерге тұрақтандыру қорына бөлінетін қаражатқа бақылау мен есеп–қисапты әр жыл сайын тұрақты түрде жүргізіп отыруды тапсырды. Сондай-ақ, облыс әкімі корпорацияның қатысуымен өңірде жүзеге асырылатын жобалар санын арттыруға назар аудартты.
Жиында тұрғындардың тұрмыстық жағдайына қатысты мәселелер сөз болып, аталмыш ұйымның бұл орайда атқаратын міндеттемелері жан-жақты айтылды. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар аясында агроқұрылымдар құру, жеке кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын бірқалыпты ұстап тұру секілді бағыттарда атқарылуы тиіс іс-шаралар сараланды.
Асқар Исабекұлы жуырда ғана өткен ҚР Үкіметтінің кеңейтілген отырысында айтылғандай Елбасы тапсырмасына орай, өңірдің даму картасы қайта қаралатынын жеткізді. Сонымен қатар, мемлекет пен жеке меншік бизнестің мүмкіндіктерін біріктіре отырып, жеке меншік секторды қолдау арқылы өңір экономикасын дамытуға күш салу қажеттігін баса айтып, ұйым басшылығына нақты тапсырмалар жүктеді.