Жамбыл облысындағы білім ордаларында тегін бір мезгіл ыстық тамақпен 40 230 (18,1%) бала қамтылған. Бұл туралы облыстық білім басқармасының мәжіліс залында өткен «Облыс мектептерінде оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуының өзекті мәселелері» тақырыбындағы семинар барысында айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Бүгінде өңірдегі білім ордаларының 401-де, яғни 90 % асханалар бар, оның 123-і (29,2%) жаңа технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған. 2018-2019 оқу жылында 219234 (98%) оқушы ыстық тамақпен, 278 оқушы буфеттік тамақпен қамтамасыз етілген.
Семинар жұмысына аудандар мен Тараз қаласы білім бөлімдерінің, басқармаға қарасты мекемелердің қызметкерлері, әлеуметтік педагогтар қатысты. Жиын барысында білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыруға қойылатын негізгі талаптар, оқушыларды ыстық тамақпен қамтудың өзекті мәселелері талқыланды.