2016 жылғы 14 қаңтарда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1 наурыз — «Алғыс айту» күні деп жариялаған болатын. Осыған орай, ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырысы бойынша Елбасының идеяларын жүзеге асыра отырып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын орындау мақсатында «Алғыс айту» күніне арналған «Ризашылық – мейірімділік бұлағы» жалпыұлттық мәдени-білім беру жобасы іске асырылуда. Бұл туралы ӨКҚ алаңында облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов, облыстық мәдениет басқармасының қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Мереке қарсаңында облыстағы барлық мектептерде, балалар үйлерінде және басқа да білім беру ұйымдарында осы тақырып аясында түрлі мерекелік іс-шаралар, танымал адамдармен, ардагерлермен кездесулер, жылжымалы көрмелер, байқаулар өткізу жоспарлануда.
Жоба балаларға, оның ішінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға толеранттық тәрбие бойынша практикалық жұмысты ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Жоба іс-шараларды аудандық (қалалық), облыстық деңгейлерде өткізуді қарастырады және балаларды барынша көп жұмылдыруға мүмкіндік береді.
Жоба аясында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың тәрбиеленушілері арасында «Қазақстан – менің алтын бесігім» республикалық балалар фестивалі, жалпы білім беретін мектептердің оқушылары арасында «Ұшқыр ой алаңы» атты пікір-сайыс турнирі, ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалар арасында қашықтықтан өткізілетін «Шексіз шығармашылық» республикалық байқауы өтеді. Фестиваль мен Турнир өңірлік (іріктеу) және республикалық (қорытынды) кезеңдерде өтеді.
Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының 8 тәрбиеленушісі 28 ақпан – 1 наурыз аралығында өтетін «Қазақстан – менің алтын бесігім» республикалық балалар фестивалінің өңірлік іріктеу кезеңінен өтіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Ал Тараз қаласындағы №41 көпсалалы гимназиясының және №49 мектеп-гимназиясының 9-10 сынып оқушылары 24-25 ақпан аралығында ұйымдастырылатын «Ұшқыр ой алаңы» атты республикалық пікір-сайысқа қатысады. 14 қаңтар – 18 ақпан аралығында өткен «Шексіз шығармашылық» атты республикалық электронды байқауына Ақыл-ойы дамуында кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернаты мен «Мейірім» мектеп-интернатының 12 оқушысы өз шығармашылығын ұсынды.
Сондай-ақ, жоба аясында «Қазыналы керуен», «Дәстүр – халқымыздың рухани өзегі», «Қолөнер – тәрбие көзі», «Жүректен – жүрекке», «Халқыма ризамын», «Алғысым шексіз халқыма» шығармашылық фестивальдері; «Өмірге риза болып, алғыс айт!», «Ризашылық марафоны» флешмобы, «Ризамын!» қайырымдылық акциялары, арт-акциялары; «Бір Отан – бір отбасы» тақырыптық сағаттар, «Сегодня – День благодарности!» дөңгелек үстел, «Татулықтың тұтқасы – бірліктің бесігі» әдеби марафон және т.б.; «Мен алғыс айтамын!», «Жүрек жылуы», «Әлемге алғыс», «Алғыс айту — парызым», «Мейірімді жүрек – жылы тілек», «Шын жүректен мың алғыс», «Қазақ халқына алғысым шексіз», «Пёстрое царство – земное государство» (халықтардың түрлілігі туралы) фото көрмелері ұйымдастырылады.
Айта кетейік, жобаның мақсаты — толеранттықты тәрбиелеу және әртүрлі халықтардың мәдени дәстүрлерін зерттеу арқылы балалардың бойында рухани-адамгершілікті дамыту, қазақтардың және барлық этностардың бір-біріне және қазақтарға алғыс айтуы, мейірімділік, достық және барлық қазақстандықтардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі негізінде көпұлтты Қазақстанның бірлігін сақтау және дамыту.