Жамбыл облысында «Алғыс айту» күні 4-наурызға дейін жалғаспақ

0 3

Жамбыл облысында «Алғыс айту» күнін  мерекелеу ақпан айының 15-нен басталып, 4-наурызға дейін жалғаспақ. Бүгінгі күні облысымызда  қазақ халқының бірлігі мен келісімін және қазақстандық патриотизмді нығайтуға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізілуде. Бұл туралы дәл қазіргі уақытта «Достық» үйінде өтіп жатқан брифингте ҚХА Жамбыл облысы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Айта кетейік, 2016 жылғы 14 қаңтарда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1-наурызды елімізде «Алғыс айту» күні деп жариялап, №173 жарлыққа қол қойған болатын.

«Қазіргі кезеңде қоғамымызда рухани жаңғыру жүріп жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде бізге екі әлеуметтік жоба ұсынылды. Бірінші жоба — «Ұлы Дала қазынасы». Жобаның мақсаты – барлық этностық ұлттардың ұлттық өнерін және дәстүрлі қолөнерін зерттеу және дамыту. Екінші жоба — «Жамбыл облысындағы этникалық топтардың дәстүрлері мен мәдениеті» атты энциклопедиясын шығару және шығарылған  энциклопедияға негізделген интерактивті карта жасау. Екінші жобаның мақсаты – аймақтағы мәдениетаралық өзара іс-қимыл мен этносаралық келісім әлеуетін зерттеу және насихаттау», — деді Маржан Төреғұлқызы.

Бүгінде өңірімізде 26 облыстық, 1 қалалық және 47 аудандық этномәдени бірлестіктер құрылып, табысты жұмыс жасауда. Бұл этномәдени бірлестіктер Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру, ұлтаралық бірлік пен үйлесімділікті нығайту, этникалық дәстүрлер мен салт-ғұрыптарды насихаттау бойынша үлкен жұмыс атқаруда.

Тағы бір жаңалық. Әулиеата жерінде атаулы мереке қарсаңында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің ұйымдастыруымен барлық жерде қайырымдылық жәрмеңкелері өткізіледі. Сондай-ақ, «Қайырымдылық – жылы жүректен», «Мейірімділікті өзіңнен баста!», «Жан жылуы» атты әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар  мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қайырымдылық акциялары өтуде. Жалпы білім беру мекемелерінде «Мен алғыс айтамын», «Дәстүр – халқымыздың рухани өзегі», «Қолөнер – тәрбие көзі», «Алғысым шексіз халқыма» атты тақырыпта сынып сағаттары, ашық сабақтар, тақырыптық дәрістер, мейрам бойынша эссе жазу  конкурстары ұйымдастырылып жатыр. Ұлы Отан соғысының жесірлері мен ардагерлері және жалғыз басты  кәрі адамдарға «Алғысым бар қарттарға» атты жастар ұйымдастырған сенбіліктер қариялардың үй шаруашылықтарына  көмектер көрсетілуде.

Бұдан бөлек, облыс тұрғындары үшін «бір терезеден» қағидаты бойынша «Ашық есік күні» шеңберінде білікті дәрігерлер тегін медициналық тексерулер мен консультациялар өткізеді. Тараз қалалық «Достық» үйінде 15-ақпаннан 1-наурызға дейінгі кезеңде жастар арасында «Қазақ халқына мың алғыс!» тақырыбында әлеуметтік желілерде алғыс айту шолулары өткізілуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.