Жамбыл облысында соңғы 10 жылда туберкулезбен ауыратындар 2,3 есеге азайған

0 3

Жамбыл облысында соңғы 10 жылда туберкулезбен ауыратындар 2,3 есеге азайған, яғни туберкулездің жаңа жағдайымен тіркелгендер саны 1193 адамнан 563 адамға азайды. Өлім көрсеткіші 6,9 есеге азайып,  туберкулезден қайтыс болғандардың саны 153-дан 25-ке дейін төмендеді. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында өткен брифингте облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Қайрат Жетібаев мәлімдеді, — деп жазады «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі. 

Қайрат Қыдырәліұлы атап көрсеткендей, 2019 жылдың қаңтар айынан  бастап облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің диспансерлік бөлімі Тараз қаласындағы алғашқы  медициналық санитариялық көмек көрсету  ұйымдарына  толықтай  берілді.

2018 жылдың қортындысы бойынша облыста науқастардың тиімді дәрі қабылдауының нәтижесінде, ем аяқталғандағы сараптама бойынша емдеу тиімділігі дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандартынан жоғары, яғни туберкулездің сезімтал түрімен  барлық тіркелген  науқастардың сауығу көрсеткіші  бойынша  92,5%   құрады (стандарт-85%)туберкулездің төзімді түрімен тіркелген науқастардың сауығу көрсеткіші бойынша 85,5 % ( стандарт — 75% ).

Тағы бір жаңалық. 2018 жылдың тамыз айынан бастап науқастарға ыңғайлы болу үшін смартфондар арқылы бейнебақылаулы ем жүзеге асырылуда, бүгінгі таңда 21 науқас бейнебақылау арқылы ем қабылдайды. Өткен жылдың қараша айынан бастап облыстық туберкулез  диспансерінде бейне-телемедицина орталығы ашылды. Осы орталық арқылы ҰҒФО-мен және басқа да қажетті мамандармен онлайн режімде жағдайы ауыр науқастарды талдау, кеңестік-әдістемелік көмек алмасу жұмыстары жүргізіледі.           

ҚР  ДС ӘДМ-інің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы «Туберкулезбен және көптеген дәріге көнбейтін туберкулезбен ауыратын науқастарды психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсете отырып, пилоттық жоба шеңберінде кеңейтілген амбулаториялық емдеудің кейбір мәселелері туралы» №362 бұйрығы негізінде туберкулез микобактерияларын бөлмейтін және айналасындағы адамдарға қауіп тудырмайтын пациенттер тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаларда бірінші күннен амбулаториялық ем қабылдайды, жылдан жылға осындай пациенттердің саны артуда. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың  12  айында —  47,8 % болса (133 науқас), 2018 жылдың 12 айында — 143 науқасты қамтып, 51,1 % болды. ҚР 2018 жылдың қортындысы бойынша — 49,8%. (стандарт 50% -дан төмен болмауы керек).

Брифинг барысында бас дәрігер ағымдағы жылы атқарылатын міндеттерге де тоқталып өтті.

«2019 жылдың 1 тоқсанында «Жамбыл облыстық туберкулезге қарсы диспансері» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын «Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы Жамбыл облыстық фтизиопульмонологиялық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына ауыстыру. Облыста туберкулездің негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштерін тұрақты түрде төмендету. Науқастарды амбулаториялық жағдайда емдеудің көлемін ұлғайту және смартфон арқылы бейнебақылау емінің көлемін ұлғайту. Тұрғындар арасында профилактикалық алдын алу жұмыстарын жандандыру сияқты игі шаралар қолға алынады», — деді Ол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.