«Эйр Астана» әуе компаниясының Дели — Алматы бағытындағы 27 ақпанға жоспарланған KC 908 рейсі уақытында ұшып шыға алмай отыр. Оған Пәкістан Республикасы әуе кеңістігінің бүкіл халықаралық әуе сапарларына жабықтығы себеп болды.
«Ұшақ Делиден Алматы уақыты бойынша сағат 12:50 кезінде ұшып шығып, сағат 16:40 кезінде Алматыға келуі керек болатын. Қазіргі уақытта әуе компаниясы аталған рейстің жолаушыларын түсіріп алу жөнінде шешім қабылдады», — делінген ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің хабарламасында.
Белгілі болғанындай, «Эйр Астана» әуе компаниясының 27 ақпанға жоспарланған KC 963/964 рейсі мен 28 ақпанға жоспарланған KC 907/908 рейсі болжам бойынша орындалмауы мүмкін.
«Жолаушылар аталған рейс жайлы колл-орталықтан немесе әуе компаниясының ресми сайтынан біліп отырғаны дұрыс. «Эйр Астана» әуе компаниясының колл-орталықтары: Алматы бойынша +7 7272 444477, Астана бойынша +7 7172 584477, ұялы тел.: +7 702 702 4477», — делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, бұдан бұрын 27 ақпан күні ұшып шыққан Uzbekistan Airways әуе компаниясының Ташкент-Амритсар бағытындағы Boeing 767 борты Ташкентке қайтып келген болатын.
Дереккөз: ҚазАқпарат