Жамбыл облысының Полиция департаменті тұрғындарды ресми ақпаратқа сенуге шақырады
Әлеуметтік желілер мен «whatsapp» мессенджерінде бүгін таңертең Тараз қаласының мөлтек аудандарының бірінде орын алған оқиға бойынша жалған мәліметтер таратылуда, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, тұрғын үй қабырғасының қисайып, жарылыс салдарынан 20-ға жуық адам қаза тапты деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
Ресми ақпарат көздеріне сәйкес, оқиға салдарынан алты адам түрлі дәрежеде жарақаттар алды, үш адам (екі әйел және бір ер адам) қаза болды. Зардап шеккен алты адамның үшеуі ауруханаға жатқызылды. Осы үйдің қалған тұрғындары аман-есен, сондай-ақ 300-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді.
«Осыған байланысты Жамбыл облысының Полиция департаменті аймақ тұрғындарын үрейленбеуге, дүрбелең тудырмауға және ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырады», — делінген хабарламада.