Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына арналған жолдауларында өскелең ұрпақ арасында патриотизм сезімін қалыптастыру мен дамытудың маңыздылығына ұдайы назар аударады. Осы орайда, Жамбыл облысының Байзақ ауданында екі кадет сыныбы ашылды. Бұл туралы «ZhambylNews» АА облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жобаны ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі. Кадет сыныптарының ашылуы құқық қорғау қызметінің беделін арттыруға және жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге бағытталған. Әрбір кадет сыныбында жалпы білім беретін орта мектеп бағдарламасы бойынша жалпы саны отызға дейін кадет тәрбиеленушілері оқиды. Осындай сыныптарда патриоттық тәрбиеге, дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындығына, сонымен қатар жол қозғалысы ережесі, өзге де ереже негіздеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Жамбыл облысында аталған жобаны Полиция департаменті облыстық білім басқармасымен бірлесіп іске асыруда. Сарыкемер ауылындағы мектептердің бірінде арнайы кадет сыныбы ашылды. Оларда кадеттерді 11 сыныпқа дейін оқытады.
Байзақ ауданы полиция бөлімі бастығының кадр жөніндегі орынбасары полиция майоры Ғалымжан Оразбековтің айтуынша, кадет сыныптарына ұлдар да, қыздар да қабылданады және бүгінгі күні әр сыныпта 20-25 кадет тәрбиеленушілері бар, сондай-ақ оларға құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты талап пен тәртіпті тереңдете оқытады.
Кадет сыныбына түсу кезінде балаларға құқық қорғау органдарындағы қызметпен байланысты оқудың басымдықтарын түсіндіреді, алдағы уақытта ҚР ІІМ-нің жоғары оқу орындарында оқуды жалғастырғысы келген жағдайда ұсынылатын мамандықтар тізбесімен таныстырады.
Анықталғандай, сыныптағы жаңа кадеттер бірыңғай арнайы киіммен қамтылған. Болашақта балалар полицейлермен бірлесіп қоғамдық тәртіпті сақтауға, сондай-ақ мәдени және спорттық іс-шараларға қатыса алады.