Кеше кешкісін Тараз қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйде орын алған жарылысқа орай құрылған облыстық штабтың шұғыл отырысы өтіп, оған облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысты. Бұл туралы «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Онда апатқа қатысты барлық жағдайлар егжей-тегжейлі сараланды. Өңір басшысына орын алған қайғылы оқиға туралы толығымен хабарланып, оның себебін анықтау мен салдарын жою, марқұмдардың отбасы мен зардап шеккендерге көрсетіліп жатқан көмектердің барысы баяндалды.
Асқар Исабекұлы орын алған қайғылы оқиғаның өзектілігіне назар аудартып, оған қатысты барлық жағдай жіті қадағалауда болуын, тиісті жұмыстар мұқият әрі шұғыл орындалу керектігін ескертіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Атап айтсақ, он пәтер иесінің жеке басын анықтау, зардап шегушілердің заттары тонауға түспес үшін үздіксіз күзет қызметін ұйымдастыру, апат орын алған аумақтағы қоқыстарды таңғы сағат 4-ке дейін тазалап, 2-3 метрлік қоршау орнату секілді тағы да басқа көптеген тапсырмалар жүктелді. Сонымен қатар, марқұмдардың жерлеу рәсіміне көмек көрсету, ауыр жарақаттанғандардың жағдайын жіті бақылауда ұстап, қажет болса арнайы мамандарды республикадан алдырту керектігі де айтылды. Тұрғын үйлері жарамсыз болып қалған тұрғындарға көрсетілетін материялдық көмек көлемін анықтап, дайындау шараларын да жедел жүргізу тапсырылды.
Өңір басшысы алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбауы үшін алдын-алу шаралары тиянақты түрде жүргізіліп, халықты өрт, газ қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырып, БАҚ беттерінде үнемі материял жариялап отырудың маңыздылығына көңіл бөлді. Сондай-ақ, әрбір адам өз отбасына деген жауапкершілікті сезініп, түйсіну керектігін баса айтты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары, штаб төрағасы Бекболат Орынбековтың айтуынша өңір басшысының тапсырмасына орай бүгінде тиісті жұмыстардың бірқатары өз ретімен орындалып үлгерілген. Авариялық құтқару жұмыстары толығымен шешімін тауып, жапа шекендерге Бәйтерек шағын ауданы № 26 көпқабатты тұрғын үйден уақытша орналасуға 14 пәтер берілген. Ол пәтерлер электр қуаты мен газбен қамтылып, қоныстанушыларға арнайы базадан бөлінген жиһаздар мен қажетті тұрмыстық бұйымдар қарастырылған. Марқұмдардың отбасына 1 миллион теңгеден қаржылай көмек берілген.
Сондай-ақ, түнімен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жарылыс орын алған екі подъездегі қауіпті аймақтар толығымен жойылып, қоршауға алынған. Қазір «ҚазНИСА» мекемесінің қатысуымен зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Зардап шеккен тұрғындардың шығындары есептеліп, заң аясында барлық қажетті көмектер көрсетілмек.
Алдағы уақытта тұрғын үй қайта қалпына келтіріліп, толығымен күрделі жөндеуден өтеді. Ол бойынша тұрғын үйдің шатырын ауыстыру, кіреберістері мен жертөлесін тазалап жөндеу, абаттандыру шаралары толығымен атқарылмақ. Ал, тұрғын үйдің апат орын алған бөлігіне зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Зерделеу қорытындысына орай нақты шешім қабылданатын болады.
Айта кету керек, бүгін сағат таңғы 9:00-де облыстық балалар ауруханасында жатқан науқас бойынша Астана қаласындағы нейрохирургия ұлттық ғылыми орталығымен телемедицина ұйымдастырылып, әрі қарай емдеу тактикасы келісіліп, ота жасау үшін медициналық құжаттары нейрохирургия орталығына жолданды.