Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Австрияда допинг қолданды деген күдікпен ұсталған шаңғышы Алексей Полторанинге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды «ZhambylNews» АА Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.
Министр шаңғышы Алексей Полтораниннің жарыс алдында допинг тестен өткенін айтты.
«Бәріміз «алтын» күткен едік. Ол да өзіне сенімді болатын. Қазіргі таңда біздің заңгерлер онымен жұмыс істеп жатыр, нәтижесін күтеміз», — деді Мұхамедиұлы үкімет кулуарында.
Ол Полтораниннің өте тәжірибелі, жоғары санаттағы спортшы екенін атап өтті.
«Өкінішке қарай, бұл алғаш болып тұрған жағдай емес. Жарыс басталған кезде қандай да бір айып таға бастайды. Қазақстан әрдайым допинг сынақтан «таза» шығады. Бірақ, спорт әлемі осындай, бәсекелестік күшті», — деді министр.
Айта кетсек, Австрияның Зеефельд қаласында шаңғы жарысынан өтіп жатқан әлем чемпионатында допинг дауы шықты.
27 ақпан күні Австрия полициясы допинг қолданды деген күдікпен бес спортшыны ұстаған болатын. Олардың арасында қазақстандық спортшы Алексей Полторанин мен Эстония, Австрияның спортшылары бар.
Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев отандасымыздың тергеу изоляторында отыруы мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Шаңғышымен адвокаты жұмыс істеп жатыр, сондай-ақ, Ұлттық олимпиада комитеті, Шаңғы жарысы федерациясы мен Шаңғы спорт түрлері қауымдастығының өкілдері, жаттықтырушылар штабы да Австрияда жүр.