Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметовтің 1 наурыз – Алғыс айту күнімен тұрғындарды құттықтауы
Құрметті жамбылдықтар!
Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесі 1 наурыз – Алғыс айту күнімен құттықтаймын!
Алғыс айту күні – тарихтың түрлі кезеңдерінде қазақ халқының бауырмалдығына бөленіп, Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің киелі қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген терең тағзымның белгісі.
Алғыс айту күні – күрделі кезеңді бірге еңсеріп, Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет көрсетіп, тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеп, қайырымдылық дәстүрлеріне, берекесі мен бірлігіне қолдау көрсету күні.
Бұл мереке — туған еліміздің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген тарихи табыстары мен жетістіктері халықтар ауызбірлігі мен отансүйерлікпен атқарған еңбегіне негізделген және ортақ парызды биік қоюдың нәтижесі.
Ел егемендігін алғалы бері бір шаңырақтың астына біріккен барша отандастарымыз Қазақстанның өсіп-өркендеуі мен гүлденуіне қажырлы еңбектерімен және азаматтық белсенділігімен үлес қосып келеді.
Бірлік пен достық адамдарды рухани жақындастырады және ортақ мақсатта зор табыстарға қол жеткізеді.
Қадірлі жерлестер!
Халқымызды татулық пен мейірімділікке жетелеген осынау мерейлі күні баршаңызға қуаныш пен шаттық, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін.
Мереке құтты болсын!