Өңірдегі жұқпалы аурулардың тәуекелдерін басқару жөніндегі консультативтік-әдістемелік орталықтың бастамасымен Таразда конго-қырым геморрагиялық безгегіне арналған конференция өтті. Оған облыстың барлық медицина қызметкерлері қатысты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Конференция жұмысын Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов ашып, республиканың танымал мамандары — ауруларды бақылау және алдын алу жөніндегі американдық орталықтардың Орталық Азия кеңсесінің эпидемиологы Екатерина Бумбуриди, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ медициналық университетінің ғалымдары және Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясының м.ғ.к., доцент Г.Абуова баяндама жасады.
Бүігнде облыста конго-қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары Сарысу, Мойынқұм, Талас, Байзақ және Жамбыл аудандарының аумағында, сондай-ақ, Тараз қаласының аумақтық учаскелерінде орналасқан.
Жыл сайын көктемнің басында облыста халықты аса қауіпті аурудан қорғау үшін профилактикалық шараларды ұйымдастыруға дайындық басталады. Үй жануарларына күтім жасау кезінде, кене шаққан кезде жұқтыру қауіпі өте жоғары, сондай-ақ бұл инфекция өлім-жітімнің жоғары болуымен сипатталады.
Жамбыл облысы бойынша жұқпалы аурулардың тәуекелдерін басқару жөніндегі консультативтік-әдістемелік орталықтың басшысы Гуля Мырзабекованың айтуынша, жыл сайын облыста кене шағу фактісі бойынша 1000-нан астам адам жүгінеді, оларға медициналық бақылау жүргізіледі.
Айта кетейік, өткен жылы 1200-ден астам қайырылғандар тіркелді, оның ішінде тоғыз адам КҚГҚ ауруымен сырқаттанып, бір оқиға өліммен аяқталды. Қауіпті инфекциямен күресудегі проблемалардың бірі халықты ақпараттандырудың төмендігі және осының салдарынан тұрғындар медициналық көмекке кеш жүгінеді. Бұдан басқа, КҚГҚ бойынша іс-шаралар кешеніне тартылған медицина қызметкерлерінің білім деңгейін жоспарлы және жүйелі түрде арттыру қажет.
Кездесуде медициналық ұйымдардың КҚГҚ маусымына дайындығы бойынша өңірлік тәуекелдерге баға берілді, Жамбыл облысындағы КҚГҚ бойынша проблемалар мен эпидемиологиялық ахуал баяндалды, жүргізіліп жатқан іс-шаралар кешені айтылды.
Қазіргі уақытта облыстың барлық емдеу мекемелері вирусқа қарсы препараттармен және дезинфекциялаушы қорғаныш костюмдер қорымен қамтамасыз етілген.