Бұл тарихи тұлғаның тарихи шешімі. Нұрсұлтан Назарбаев өз мәлімдемесінде билікте болған 30 жылына шолу жасап, мемлекет тарихындағы маңызды оқиғаларға тоқталып өтті. Шын мәнінде Тұңғыш Президент өте қиын, күрделі кезеңде ел тізгінін қолына алды. Кеңестік Қазақстан қалыптастыру жолында үлкен жауапкершілікті мойнына жүктеді. Қиын-қыстау уақытта елді аман алып шықты.
Осының бәрі мемлекеттік саясатта сабақтастықтың жүретінін көрсетеді. Тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президенттің ел қуатын еселеуге қосқан еңбегі мен үлесі шексіз. Қазақ мемлекеті жаңғырды. Шекарамыз белгіленіп, мемлекеттік рәміздеріміз анықталды. Тәуелсіз құндылықтар қалыптасты.
Отыз жылға жуық мемлекет басында болып, қаншама қиын-қыстау жағдайлардан шашасына шаң жұқтырмай шыға білген, Қазақстанды тәуелсіздік тұғырына қондырып, әлемдік өркениет көшінің алдыңғы легіне қосқан тарлан тұлға бұл жолы да парасат биігінен таныла білді. Бұл – әлемдік өркениеттің озық үлгісі. Осы тарихи шешім арқылы ол өзінің адамзаттық құндылықтарға, әлемдік демократиялық үрдіске, ұлттық мүддеге адал әлемдік деңгейдегі тұлға екендігін дәлелдеді.
Бүгінде Назарбаев пен Қазақстан егіз ұғымға айналғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Ол өз еңбектері арқылы біз қастерлеп айтатын «Мәңгілік ел», «Ұлы дала елі», «Қазақ елі» сияқты қасиетті ұғымдарды санамызға сіңіре білді. Сол арқылы ұлттың рухын көтеріп, кемел келешекке деген сенімін ұялатты.
Осы жолда ол өзінің нағыз саясаткерге тән қырларын, тұлғалық шеберліктерін, адами қасиеттерінің бәрін көрсетті. Енді солардың бәрі тарихтың еншісіне айналып, ұзақ жылдар бойы зерттеушілердің нысанына айналатын болады.
Шәбден ТІЛЕУМҰРАТ,
«Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық Қоғамдық кеңестің хатшысы