Жамбыл облысында «Жастар» аллеясы пайдалануға берілді

0 3

Бүгін жамбылдықтар үшін ерекше қуаныш. 21-наурыз — Ұлыстың Ұлы күні өңірімізде «Жастар» аллеясы пайдалануға берілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Айтулы күні Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасымен Сүлейменов көшесінің бойындағы «Атшабар» скверіндегі абаттандыру жұмыстары аяқталып, «Жастар аллеясы» болып қайта ашылды. Бұл «Жастар» жылына орай тамаша тарту болды.

Аталған саябақта «Ұлы дала ұландары» стелласы, «Білім» алаңы, «Jastar» қабілет орталығы, «Кітап» ескерткіші және “Сахна” алаңшасы ашылды. Бұл жобалар облыстық қала құрылыс кеңесінде мұқият қарастырылып, нысан құрылысына жергілікті мердігерлер өз үлестерін қосты. Аллея аумағындағы тал-дарақтар күзеліп, егіліп, ретке келтіріліп, тұтастай заманауи жарықтандырылумен қамтылған. «Wi-fi» желісімен қамтамасыз етілген заманауи орындықтар қойылды. «Жастар» аллеясының бір бөлігін алып жатқан «Маххаббат» бұрышы да жаңаша кейіпке енді. Онда өзара айқасып жатқан қос неке сақинасы іспетті төрт заманауи субұрқақтар орнатылып, ортасына аққу құсы бейнеленген композиция қойылған.

 

Аллеяның ұзындығы – 840 метр, жалпы аумағы – 6 гектар көлемінде.Сонымен қатар, аллеяға   үлкен  LED-экраны қойылған. Ол экран арқылы ашық аспан астындағы сахнада әртүрлі іс-шаралар өткізілмек.

Айта кетейік, мереке күні аталмыш «Жастар» аллеясы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Түркі әлемінің бесігі» бөлімін айшықтайтын театрландырылған көрініспен ашылып, 700-ге жуық өнерпаздардың қатысуымен «Көктем» хореографиялық композициясы және домбырашылар, қобызшы, дауылпазшылардың қатысуымен күй орындау шеберліктерін көрсететін композициялар ұсынылды. Сондай-ақ, Қазақстан эстрада жұлдыздары Бағдат Самединова, Әділ мен Дана, Алишер Каримов, Әбдіжаппар Әлқожа, Серікбол Сайлаубек және Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншілерінің концерттік бағдарламасы ұсынылып отыр.

Сондай-ақ, бұл күні Сүлейменов көшесі, Абай даңғылы, Төле би мен Желтоқсан көшелерінің қиылыстарын қамтитын аумақ кішігірім қазақы ауылға айналғандай әсер қалдырды. Абай даңғылының бойына тоғыз киіз үй тігіліп, онда өңірдегі көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, және мүгедек жандарға арналып дастархан жайылды.

Сонымен бірге, Сүлейменов көшесінің бойында орналасқан шатырлар мен ашық аспан астында жайылған дастарханнан барша қала тұрғындары мен қонақтары дәм татып, мәре-сәре болып жатыр. Мұнда барлығы шамамен 5 мың адамға жуық наурыз көже үлестірілді. Ал, Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта ұлттық спорт ойындарынан жарыс, алтыбақан ұйымдастырылып, мереке маңызы айшықтала түсті.

Жамбыл жұртшылығы биыл Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесін екінші жыл қатарынан өзіндік ерекшелікпен атап өтіп жатқандығы белгілі. Мерекені 9 күн бойы атап өту мақсатында 14-22 наурыз аралығындағы әр күнге  әр түрлі атау беріліп,  соған сәйкес игі шаралар ұйымдастырылды. Бүгін 21-наурыз – «Ұлыстың Ұлы күні» ретінде аталып, «Қош келдің, Әз-Наурыз» мерекелік іс-шарасы өтуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.