Бүгін Ұлыстың ұлы күні ашылған «Жастар» аллеясындағы негізгі нысандардың бірі – «Махаббат» стелласы мен «Сахна» алаңшасы пайдалануға берілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
«Махаббат» стелласының алдындағы тақтайшаға: «Ұлы даланың елі мен жерін сүйген, тарихы мен салт-дәстүрін ардақтаған, ар-намысы мен адал махаббатты ту еткен ұл-қыздарына арналған» деп қашалып жазылған. Сән-салтанаты жарасқан нысанда жазылған осы бір көркем сөз, жастардың санасының төрінен орын алады деген сенімдеміз.
Биіктігі 15 метрді, ені 3,5 метрді құрайтын стелланың бір бетіне қазақ батырының, бір бетінде қазақ аруының бейнесі бейнеленген. Атап айту керек, стелладағы батыр мен арудың композициясы қазақи нақышта кескінделген. Ол ғашықтық сезімінің шынайылығын үлгі етіп, махаббат символына айналған Қозы мен Баян, Қыз Жібек пен Төлеген, Еңлік пен Кебек, Қарахан мен Айша бибі махаббатын үлгі тұтар жастарға үлкен сый болып отыр.
Ал осындай айтулы күні «Жастар» аллеясындағы ашылған «Сахна» алаңшасы жамбылдықтарға ерекше тарту болды. Ашық аспан астында орналасқан сахнаның ұзындығы 20 метр, жалпақтығы 9 метрді құрайды.
Сахнаның артқы жақтауына гранит тастан ойылған сегізбұрышты композиция нысанға тартымдылық сыйлап тұр. Ал сол жақтауға ендеп орналасқан көлемі 6,72 х 6,72 метр болатын алып ЛЭД экран сахнаның сәнін еселеп тұр десек артық айтпаймыз. Ол үлкен экранда күндізгі уақытта түрлі әлеуметтік жарнамалар мен роликтер жүргізілетін болса, кешкі уақытта автожүргізушілер үшін кинолар көрсетілмек. Автожүргізушілер сахна алдындағы шағын автотұрақта көліктерінің ішінде отырып, арнайы қамтылған радио байланыс арқылы лэд экраннан берілетін киноларды тамашалай алады.
Тағы бір айта кетерлігі, экранның қос шетіндегі тас-тақтайшадағы композиция да сахна декорациясын байытып тұр. Онда ертеректегі қазақ өнерпаздарының сахнадағы өнер көрсету сәттері бейнеленген.