Жамбыл облысында өткен жылы 9364 мүгедек әлеуметтік көмекпен қамтылды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Ермек Бықыбаев мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Ермек Бықыбайұлының айтуынша, 2019 жылдың 1 сәуіріне облыс бойынша 45078 мүгедек бар болса, оның ішінде 18 жасқа дейінгі мүгедектер саны 6196-і құрайды. 2018 жылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту мақсатында облыстық бюджеттен 919,6 млн. теңге қаржы бөлінді. Ол 2017 жылмен салыстырғанда 64,1 пайызға ұлғаюда (589,1 млн.теңге). Бөлінген қаржы көлеміне мұқтаж 8266 мүгедектер әлеуметтік оңалту құралдармен және емдеу сауықтырумен қамтылды. Бұдан басқа Тараз қаласы мен аудан бюджеттерінен 1164,8 млн.теңгеге 9364 мүгедек әлеуметтік көмекпен қамтылды(гигиеналық құралдар, ымдау тілінің маманы мен жеке көмекшінің қызметі, арнаулы әлеуметтік қызмет).
Бүгінде басқармаға қарасты 13 медициналық әлеуметтік мекемелерде 1492 адам арнаулы әлеуметтік қызметтерімен қамтылған, оның ішінде 217-і мүгедек балалар. Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдар арқылы 2003 мүгедек арнаулы әлеуметтік қызметтерімен қамтылған. Сондай-ақ, 2205 психоневрологиялық патологиясы бар, тірек-қимыл аппараттары бұзылған мүгедек балалар мен мүгедекке арнайы инватакси қызметі Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас және Шу аудандары бойынша көрсетілуде.
Оңалту орталықтарының желісін дамыту және көрсетілетін оңалту шараларының сапасын жақсарту мақсатында Сарысу, Байзақ, Жуалы және Талас аудандарында психоневрологиялық ауытқулары бар және тірек-қимыл апапарттары бұзылған мүгедек балаларға сыйымдылығы шағын үйлер ашылу көзделіп отыр.Облыс көлемінде мүгедектердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында бейімделуге тиіс 904 нысанға толығымен паспорттары дайындалып, 2013-2018 жылы бюджеттерден бөлінген 316,4 млн.теңгеге бейімделу жұмыстары жүргізіліп, толығымен аяқталды. 2015 жылы мүгедектердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында бейімделуге тиіс 904 нысанның деректері «Қолжетімділіктің интерактивті картасына» толығымен енгізілсе, ал 2017 жылы аталған бағдарламаға бейімделген және бейімделетін нысандардың суреттерін енгізу жұмыстары жүргізіліп аяқталды. Осы бағыттағы жұмыс, әрбір мүгедекке жеке ұсынылатын әлеуметтік көмектерінің сапасын арттыру мен арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін жартылай стационарларды үкіметтік емес сектор арқылы дамытумен жалғастырылады.Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту жоспары дайындалып, соған сәйкес 2018 жылы 538 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
2018 жылдың қорытындысымен жұмыспен қамту органдары арқылы республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен 1025 мүгедек жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды, олардың 507-і тұрақты жұмыстармен қамтылып, 321-і уақытша жұмыстармен қамтылды. Уақытша жұмыстармен қамтылғандар ішінен: 228-і ақылы қоғамдық жұмыстарға, 44-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 46-і жастар практикасына, 3-і маусымдық жұмыстарға жолданды. Сондай-ақ 197 мүгедек кәсіптік оқытуға жолданды (138-і қысқа мерзімді курстар мен кәсіптік оқытуға және 59-ы кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға жолданды).
Биылғы жылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту мақсатында облыстық бюджеттен 764,1 млн. теңге қаржы бөлініп отыр.Бөлінген қаржы көлемінде әлеуметтік оңалту құралдарға мұқтаж 5655 мүгедекті тиісті бұйымдармен (сурдо – 720, тифло — 880, кресло-қорап — 617, емдеу-сауықтыру 2138 және протез-ортопедия — 1300) қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Бұдан басқа Тараз қаласы мен аудан бюджеттерінен 1229,2 млн.теңгеге 8317 мүгедек әлеуметтік көмекпен қамту жоспарлануда(гигиеналық құралдар — 3849, ымдау тілі маманының қызметі – 388, жеке көмекшінің қызметімен — 2265, үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметпен — 1815).
Үкіметтік емес ұйымдар тарапынан әлеуметтік жоба арқылы ұсынылатын үйде және жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін 282,8 млн.теңге бөлініп, 1323 мүгедектерге жартылай стационар мен ұй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну жоспарлануда. Сонымен қатар, облыс көлемінде 2301 психоневрологиялық патологиясы бар, тірек-қимыл аппараттары бұзылған мүгедек балалар мен мүгедекке арнайы инватакси қызметі көрсетілуде.
2019 жылы облыс көлемінде 98 инфрақұрылым нысандарын бейімдеу жоспарланып, осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден 11,7 млн.теңге қаражат бөлініп отыр, бүгінгі күнге тиісті бейімдеу жұмыстарын жүргізу басталуда. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту жоспары дайындалып, соған сәйкес 2019 жылы 545 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.