2-сәуір — Бүкіләлемдік аутизм туралы ақпарат тарату күні. Осы орйда, аутизмге шалдыққан бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарын қолдауға бағытталған ауқымды шаралар бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатыр. Осындай іс-шаралардың бірі қаладағы оңалту орталығында және №25 мектеп жанынан ашылған инклюзивті білім берудің ресурстық кабинетінде өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Онда ерекше қолдауды қажет ететін балалар ән айтып, би билеп күндерін күндегіден ерек өткізді. Ұйымдастырушылар балалармен түрлі танымдық ойындар ойнап, асфальтқа сурет салды.
Сонымен бірге, акция қорытындысы ретінде Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықта «Аутизм. Мүмкіндіктер әлемі» тақырыбында облыстық конференция өтті. Жиын барысында білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Бекбатырова ерекше балаларға қолдау көрсету мақсатында облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсе, Байзақ аудандық психологи-педагогикалық түзету кабинетінің психологы Д.Абишева өзінің тәжірибесімен бөлісті.
Бүгінде облыста ерекше білімді қажет ететін 7911 мүмкіндігі шектеулі баланың 125-і аутизмге шалдыққан. Сондай-ақ, облыстағы жалпы білім беретін 446 мектептің 308-де (69,1%) және 381 мектепке дейінгі білім беру мекемесінің 127-де (33,2%) ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеу және оқыту үшін пандустар, сүйенетін жақтаулар, кең есіктер, тактильді жолдар орнатылып, демалыс бұрыштары ашылған.
Айта кетейік, аутист диагнозы қойылған балаларды қоғамға бейімдеу мақсатында 2019 жылы облыстық білім басқармасы Астана қаласындағы Ұлттық оңалту орталығы және Алматы қаласындағы «Болашақ» корпоративтік қорымен ынтымақтастық туралы Меморандумдарға қол қойды. Меморандум аясында 2019-2020 оқу жылында Тараз қаласындағы 2 орта мектепте «Әр бала мектепке лайықты» жобасы аясында аутизм және басқа да дерттерге шалдыққан балаларға арналған инклюзивті қолдау кабинеттерін ашу жоспарланды.