Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Байзақ ауданындағы «Бірлік Түймекент» қосалқы шаруашылық негізінде құрылған ауыл шарушылығы кооперативінің жұмысымен танысты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түймекент ауылдық округінде орналасқан аталған кооперативке 40 адам мүше. Мал шаруашылығы, сүт өнімдерін сату, сатып алу секілді шаруаларды жүзеге асыруда.
Құрылым «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 114,9 миллион теңге несие алып, 2,5 миллион теңгеге сыйымдылығы 2 тонналық сүт сақтайтын танкер, 7,6 миллион теңгеге сыйымдылығы 1,2 тонналық ГАЗ-3302 сүт тасымалдайтын автокөлігін және 3,3 миллион теңгеге құрама жем шығаратын қондырғы сатып алған.
Қазіргі таңда кооператив иелігінде барлығы 450 бас сауын сиыр бар. Өткен жылы 1210 тонна сүт өндірсе, ағымдағы жылдың екі айында 126,7 тонна сүт өндіріп үлгерген.