2018 жылы облыста метрологиялық талаптар мен ережелерді сақтау бойынша 17 іріктелген тексеріс жүргізілді. Оның ішінде ҚР «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету» заңнамасының талаптарының бұзылуы бойынша 5-і анықталды, ол дегеніміз 29% құрайды. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы, Жамбыл облысының мемлекеттiк бақылау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы Әлия Аманқұлқызы және «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалының директоры Асқар Құрманұлының қатысуымен өткен брифингте айтылды, — деп жазады «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Спикерлердің айтуынша, департамент жалпы соммасы 1 млн. 661 мың 855 теңге әкімшілік айыппұл салынып, 5 қаулы шығарылды. Сондай-ақ, жарамсыз болып табылған 94 өлшем құралдарын қолдануға тыйым салынып, 5 ұйғарым шығарылды.
Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Техникалқы реттеу және метрология комитеті Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының ұлттық стандарттарын, эталондарын әзірлейтін және лицензиаттың лицензияда көрсетілген талаптарды сақтауын бақылауды жүзеге асыратын орган болып табылады.
Брифинг барысында спикерлер 2018 жылы атқарылған жұмыстары және 2019 жылға алда тұрған міндеттері туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
«2016 жылдың 6 ақпанынан бастап күшіне енген, бағалы металдарды өндіру және бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдардың айналымы саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейтін ҚР «Бағалы металлдар мен асыл тастар» Заңыталаптарын сақтау бойынша бақылау жүргізетін уәкілетті орган – Техникалық реттеу және метрология Комитеті және оның аумақтық Департаменттері. Зергерлік бұйымдарды сатумен айналысатын кәсіпкерлердің арасында осы саладағы талаптардың орындалуы бойынша Департамент тарапынан ауқымды түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Осы негізде департаменттің бас мамандары «Атакент», «Ауыл береке», «Қайқармет» және де облыстың орталық базарында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, БАҚ арқылы жергілікті тұрғындарға қажетті ақпараттар және түсіндірме қағаздары таратылды. «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» заңнама саласында саясатты жүзеге асыру мақсатында Тараз қаласының орталық базарымен меморандумға қол қойылды», — деді Әлия Аманқұлқызы.
Департаментке келіп түсетін өтініштер «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау» туралы ҚР заңнамасына сәйкес жүргізіледі. 2018 жылы Департаментке 130 өтініш түсті, оның 64-ы жеке және 66-сы заңды тұлғалардан. Негізінен жолданатын өтініштердің басым бөлігі сәйкестікті растауға байланысты жолданады.