Таразда биыл көше жолдарын жөндеуге 100,0 млн. теңге бөлінді
Таразда биыл көше жолдарын ағымдағы жөндеуге жергілікті бюджеттен 100,0 млн.теңге бөлініп, жалпы 22 000 м2 жол жөндеу жоспарланды. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Қазіргі таңда Тараз қаласы көшелерінің жолдарын орташа жөндеу жұмыстары бойынша 72 жоба-сметалық құжаттары дайын. Жұмыстың жалпы құны — 4 694,919 млн.теңге, жолдардың ұзындығы — 148,701 шақырымды құрайды.
Бүгінгі күнге мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталып, мердігерлермен келісім-шарт жасалды. Қазіргі таңда мердігер мекемелердің тарапынан қала көшелерін, оның ішінде ықшам аудандарға кіре беріс жолдарын ағымды жөндеу (шұңқырларын жөндеу) жұмыстары басталды.
Сонымен қатар, қала бойынша көшелердің жол жабындысының ағымдағы техникалық жағдайын анықтау мақсатында түгендеу жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде ықшам аудандардың жолдары бар. Қорытындысы бойынша жалпықалалық «Жол» бағдарламасы қабылданып, жолдарды жөндеу кезегі анықталатын болады. Бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар (мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау) нысандар орналасқан және қоғамдық көлік өтетін көшелер тәртіпке келтіріледі. Бюджеттік қаржыландыру мүмкіндігіне байланысты қажетті жұмыстар көлемі таяудағы 3-5 жылға бөлінетін болады. Бұл бағдарлама шеңберінде әлеуметтік маңызы бар нысандарға барар жолдарға қосымша сыртқы жарықтандыру желілерін жүргізу және жаяу жүргіншілер жолдарын салу жоспарланып отыр.
Ағымдағы жылы «Қарасу» (5) мөлтек ауданындағы №15, 16 тұрғын үйлердің аулаларына балалар ойын алаңшаларын салуға бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Алдағы уақытта көпқабатты тұрғын үйлердің аула алаңдарын абаттандыру, балалар ойын алаңшаларын салу жұмыстарына бюджеттен қаражат қарастырылған жағдайда «Қарасу» (5) мөлтек ауданындағы №15, 16 тұрғын үйлердің аулалары ескерілетін болады.