Royal Dutch Shell Тараз қаласында күн электр станциясын салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Royal Dutch Shell концернінің өкілдерімен ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА премьер-министр сайтына сілтеме жасап.
ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Royal Dutch Shell концернінің өкілдері «Халықаралық барлау және өндіру» бөлімшесінің директоры Эндрю Браунмен, терең сулы жобалар жөніндегі атқарушы вице-президент Уаэл Сауанмен, бірлескен кәсіпорындар мәселелері жөніндегі атқарушы вице-президент Хералд Схотманмен кездесу өткізді. Компания үшін перспективалық бағыттардың бірі — энергияның баламалы көздерін дамыту.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың көптеген мәселелерін талқылады. Мәселені талқылауға ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев қатысты.
Э. Браун компания Қазақстан аумағында жобаларды іске асыруға қатысуды тереңдетуге және іс-қимылды одан әрі кеңейте түсуге мүдделі екенін хабарлады. Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын игеру бойынша бірлескен қызмет, «Жемчужина» учаскесінде «Қаламқас» және «Хазар» ұңғымаларындағы жұмыстарға қатысу мәселелері қаралды.
ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Мамин компанияның ірі инвесторлардың қатарында екенін атап өтті. Бүгінде елімізде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету шаралары күшейтілуде және инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктері нығайтылып жатыр.
Кездесудің соңында тараптар өзара іс-қимыл салаларын кеңейтуге және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниет білдірді.