Сарысу ауданында оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілуде
Бүгін Сарысу ауданында «Тараз қаласы аумағында жойқын жерсілкінісі орын алған кезіндегі басқару органдарының және АҚҚ күштерінің әрекеттері, қаладан көшірілген тұрғындарды орналастыру жұмыстарын ұйымдастыру» тақырыбында командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізілуде, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Командалық-штабтық оқу-жаттығудың негізгі мақсаты болып ауданның басқару органдары басшы құрамының, азаматтық қорғау қызметтерінің Тараз қаласы аумағында болған жойқын жерсілкінісі зардаптарын жоюдағы үйлесімдікті арттыру, ТЖ жою бойынша іс-қимылдар және АҚ жоспарының іске асырылуын, сонымен қатар ауданның басқару органдарының АҚ жүйесін бейбіт жағдайдан соғыс жағдайына көшіру кезіндегі жұмысын, АҚҚ жасақтарының қойылған тапсырмаларды шешу жұмыстарын тексеру болып табылды.
Сондай-ақ, жаттығуға ауданның басшы құрамы, аудандық ТЖ бөлімі, ТЖ алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссия, көшіру органдары, аудандық АҚ қызметтері, шаруашылық нысандары, зертханалық бақылауды қадағалау желісі мекемелері, апаттық-құтқару қызметтерінің аумақтық және нысандық жасақтары, аудан халқының бір бөлігі қатысты.
Оқу-жаттығу барысында Сарысу ауданы әкімінің басқару пункті, жеке қорғану құралдарын тарату және эвакоқабылдау пункттері, зертханалық бақылауды қадағалау желісі дайындық деңгейі және азаматтық қорғаудың күштер мен құралдарын жетілдіру жұмыстары тексерілуде.
Бұған қоса, аудандық әкімдік базасында Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің офицерлерінен, АҚ қызметтерінің, ұйымдар мен кәсіпорындар өкілдерінен құрылған жедел штаб, 33 техника, 82 адам жұмылылдырылды.