Бөлме өсімдіктері таза ауамен қамтамасыз етумен қатар, үйіңізге сән беріп, көңіл-күйіңізді көтеріп, сіз отырған ортада жақсы атмосфера қалыптастырады. Алайда үй өсімдіктері ерекше күтімді, баптауды қажет етеді. Бөлме өсімдіктерінің әдемі қалпын сақтап, ұзақ өмір сүруі үшін төмендегі жағдайлар қажет.
Жарықтың мөлшері. Бөлме өсімдіктері жарықты қажет еткенімен, олардың көбі күн көзінің тікелей түсуін аса «ұната бермейді». Мәселен, кактус, сүттіген, фаукария, сенецио сынды гүлдер жарықсүйгіш гүлдер қатарына жатады. Ал парагус, бегония, фуксия сияқты бөлме өсімдіктері жарықтың шашырап түсуін қажет етеді. Қырыққұлақтар, тікенекті өсімдіктер күн көзін сүймейді, сондықтан көлеңкеге төзімді болып келеді.
Жылудың әсері. Белгілі бір мөлшерде бөлме өсімдіктері жылуды да қажет етеді. Әсіресе, үй температурасы маңызды рөл атқарады. Жылусүйгіш өсімдіктердің күтімінде олардың жел өтінде тұрып қалмауына ерекше назар аударыңыз. Температура режимінің бұзылуы гүлдердің жапырағының зақымдануына, сарғаюына және жиі түсуіне алып келеді.
Жайлы орын. Бөлме өсімдіктерінің тұрақты орны болғаны жөн. Сол себепті оларды орнынан жиі қозғауға болмайды. Теледидар, музыкалық орталық, кір жуғыш машинаның жанына бөлме өсімдіктерін қоймауға тырысыңыз. Жатын бөлмеңізде бөлме өсімдіктерінің саны аз болғаны дұрыс. Себебі, өсімдіктер күндіз оттегін, ал түнде көмірқышқыл газын бөледі.
Тыңайтқыш пайдалану. Кез келген бөлме өсімдігі үшін топырақтың құнарлы болуы аса маңызды. Сондықтан тыңайтқыштарды үнемі пайдаланып отыру қажет. Бөлме өсімдіктерінің түріне байланысты оларға себетін тыңайтқыштар да әртүрлі болып келеді.
Суару. Бөлме гүлдеріне құятын судың температурасы бөлме температурасымен шамалас болғаны жөн. Сонымен қатар, суды алдын ала тұндырып алу керек. Судың шамадан тыс мөлшері өсімдік тамырының шіруіне себепші болады. Бөлме өсімдіктерінің тазалығы.
Бөлме өсімдіктерін аптасына бір рет жуып алған дұрыс. Гүлдерді шаң басқан жағдайда, олар тез зақымданып, ауруға жиі шалдығатын болады. Егер жуатын мүмкіндігіңіз болмаса, гүлдің жапырақтарын жылы суға малынған мақтамен немесе губкамен екі жағынан бірдей сүрту қажет.
Дереккөз: massaget.kz