Жуалы ауданында кәсіпкер өз қаржысына көп балалы анаға үй алып берді. «Бурное Солар» күн электр станциясының бас директоры Нұрлан Қапенов өз қаржысын «Бауыржан Момышұлы» қайырымдылық қоғамдық қорына аударған. Сол қаржыға Б.Момышұлы ауылында орналасқан 2 қабатты тұрғын үйден 3 бөлмелі пәтер сатып алынып, кілті Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, 6 қыздың анасы Қалипа Еділбаеваның отбасына сыйға тартты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Аталған шарада аудан әкімі Нарбай Ергөбеков сөз сөйлеп, қасиетті айда қайырымдылық жасаған кәсіпкерлерге алғысын білдірді.
Кәсіпкер Нұрлан Қапенов, аудан басшыларымен бірге отанасы Қанипа Еділбаеваға екі қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан үш бөлмелі пәтердің кілтін өзі табыстап, шаңырағына шаттық, бақыт, ынтымақ тіледі.
— Мен 2010 жылы үй кезегінде тұрғанмын. Міне осымен 9 жыл уақыттан кейін баспаналы болып отырмын. Өзім үй шаруасындамын. Күйеуім Алтынбек Қабылбеков құрылыс саласында жұмыс атқарады. Үлкенім 16 жаста, кіші қызым 2 жаста. Бүгінгі қуанышымда шек жоқ. Біздің жағдайымызды ойлап, осындай игі шара жасап отырған аудан басшыларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ, — деді ағынан жарылған отанасы Қалипа Еділбаева.
Бұл күні баспаналы болу бақыты күреңбелдік көпбалалы ата –ана Мадияр Дәулетбаев пен Әлима Саржанованың отбасына да бұйырды.
Баспана кезегін зарыға күтіп жүрген отбасына «Бауыржан Момышұлы» қоғамдық қорына әртүрлі кәсіп иелері, қашықта жүрген жерлестер мен аудан тұрғындары аударған қаражат есебінен Күреңбел ауылынан 25 соттық жер телімі, қора жайы, бақшасы бар және ауыз су жүйесімен, бақша суларымен қамтамасыз етілген 150 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй сыйға тартылды.
5 ұл, 3 қыздың ата-анасы Мадияр Дәулетбаев пен отанасы Әлима Саржанованың қор жетекшілігі мен аудан жұртшылығына алғысы шексіз.