Ақпараттық автокеруен аудандарды аралайды

0 3

Жастарды ақпараттандыруды мақсат еткен «Болашаққа бағдар» көшпелі автокеруені аудандарды аралайды. Бұл туралы ӨКҚ алаңында өткен брифингте айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

«Болашаққа бағдар» жобасы аясында  облыстың әрбір ауыл, елді мекендеріндегі 14-29 жас аралығындағы жұмыссыз, мүмкіндігі шектеулі жастар, жеке кәсібін ашатын немесе кәсібін дамытушылар, әлеуметтік және құқықтық көмек қажет ететіндер, жоғары және арнаулы орта оқу орнын бітіруші студенттер, орта мектепті бітіруші түлектері барынша қамтылатын болады.

Оларға қатысты мәселелерді жергілікті жерлерде кең ауқымды түсіндіру және нақты нәтижеге бағытталған мәселелерін шешу жұмыстарын жүргізу, облыс тұрғындарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамыту мен жемқорлық мәселесін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы шешу жолдарын түсіндіру, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын жеткізу бойынша ақпарат беріледі.

«Керуен әр ауданда 2 күннен астам уақыт болып, жалпы 44 елді — мекенде жұмыс жүргізеді. Алаң жұмысына 300-ге жуық елді-мекен жастарын қамту көзделуде. Топ құрамындағы салалық мекеме өкілдері тек кеңес берумен шектелмей, көтерілген мәселелерді нақты шешуге ұмтыла отырып, өз саласы бойынша сол аудандағы жастар ахуалына талдау жасайды. Ал Дін істері басқармасы өз тарапынан ата-аналардың, ұстаздардың, жастардың қатысуымен арнайы кездесулер ұйымдастырса, жұмыспен қамту басқармасы аудан әкімдерімен бірлесіп, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін
өткізеді», — деді  Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен.

Аталмыш жоба биылғы жылдың мамыр-маусым айларында жүзеге асырылатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.