Жер бетінде тіршілік ететін жаны бар ақыл иесі адам баласының ең аяулы жері жүрек. Кез келген дүниені ақыл арқылы танып, жүректің айтқанына жүгінетініміз бар. Жанымыз жүдесе де жүктің бәрі ең әуелі кеудеміздегі осы бір кесек етке түседі. Ол барлығын сезеді. Ғұмыр сағаты тоқтағанша үздіксіз соғып тұратын жүрек қашан демалады? Ойланып көрдіңіз бе? Ендеше, мына жайтқа қанық болыңыз!
Адам мүшелері сөйлесіп, «сен қашан демаласың?», — деп бір-бірінен сұрап отыр дейді. Аяқ, қол, көз және басқалары:
— Біз ұйықтағанда демаламыз, -десе. Асқазан: — Мен тамақты сіңіргенде демалып аламын, — депті. Бәрі жабылып, үндемей отырған жүректен:
— Сен жаралғаннан бері жұмыс істеп келесің. Қалай демалып жүрсің? -деп сұрапты.
Сонда жүрек:
— Мен адамдардың бір-біріне айтқан жылы да жақсы сөздерінен демаламын! — деген екен. Жақсы сөз жан жадыратады. Жақындарымызға күнде болмаса да аптасына бір рет жылы сөзімізді аямай айтып жүруді ұмытпайық.
Дереккөз: massaget.kz