Жүрек-қан тамырлар аурулары – өте жиі кездесетін ауру түрі. Олар жиі өлімге әкелетін аурулар қатарында. Ауру белгілері көріне бастағанда адамдар оған аса мән бере қоймайды.
Ал жас ұлғая келе әдетте, жағдай нашарлай түседі: инфаркт және инсульт орын алуы мүмкін. Жекелей алсақ та, гипертония ауруы адамға бірқатар жағымсыздықтар әкеледі: бас ауру, бас айналу, жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі, белсенді өмір сүру салтына кедергі келтіру және басқа аурулардың пайда болуына ықпал ету. Алайда, денсаулықты қалыпта ұстап тұру үшін көп дәрі ішу міндетті емес, тамақтану үлесіңізді ауыстырудың өзі біраз пайдасын тигізеді. Арнайы калий диетасымен жүрек-қан тамырлар саулығына қалай көмектесуге болатындығын айтамыз.
Жүрек-қан тамырлар дұрыс жұмыс істеуі үшін калий мен магний керек. Тамақтануыңызға құрамында осы элементтері бар азық-түліктерді қосу арқылы денсаулықты нығайтуға болады. Ал жылдам әдіс ретінде калий диетасын қолдануға болады.
Калий диетасының принципі
Калий диетасының негізгі принципі – ағзаны калиймен байыту. Бұл диетаға осы макроэлементке бай азық-түліктер кіреді. Мысалы: картоп, банан, қымыздық (щавель), сәбіз, тары, алма және т.б. Ал тұз тамақтану үлесінен алынуы тиіс. Сонымен қатар, диета кезінде ет, балық және теңіз өнімдерінен бас тарту керек. Әдетте, түрлі диеталар кезінде көп су ішу керектігін ұсынады. Бірақ су ағзадағы минералдарды шайып шығатындықтан, калий диетасы кезінде суды 1,2 литрден артық ішпеген жөн.
Калий диетасы кезінде алты мезгіл тамақтану керек. Барлығы 4 кезеңнен тұрады. Бірінші және екінші кезең 1-2 күнге созылады, ал үшінші және төртінші кезең 2-3 күннен тұрады. Әрине, мүмкіндік болса, көбірек күн ұстаған дұрыс. Мысалы: алғашқы екі кезеңде 2 күннен, соңғы екі кезеңде 3 күннен ұстау. Сол кезде ағза әр күні 6-7 г калий алады. Бұл осы минералдың тәуліктік шамасы болып табылады.
Калий диетасының артықшылығы
Әрине, бұл диетаның басты артықшылығына оның денсаулыққа тигізетін пайдасын жатқызады. Тіпті, оны толыққанды тамақтану жүйесі ретінде қолданғыңыз келмесе де, ондағы кей тағамдарды ағзаны калиймен қанықтыруға пайдалануға болады. Бұл диетаны ұстау қиын емес. Жүрек-қан тамырларға арналған барлық тағамдарды кез келген дүкеннен табуға болады. Күніне 6 рет тамақтану керек болғанымен, барлық тіскебасарлар жеңіл болып келеді. Олар көбінесе шырындар мен қайнатпалардан тұрады. Оларды өзіңізбен бірге жұмысқа алып кетіп, шай мен кофенің орнына ішуге болады.
Калий диетасының кемшілігі
Оның кемшілігіне диетаның үйлесімсіздігі жатады. Себебі ет пен балық алынып тасталады. Ет аз мөлшерде тек төртінші кезеңде болады. Ал картоп мәзірде жиі кездеседі. Бұл өнім калийге бай, бірақ көп крахмалды заттардан тұрады. Сондықтан ол дене пішініне әсер беруі мүмкін. Егер денсаулықты бірінші кезекке қойсаңыз, бұл диетадан бас тартудың қажеті жоқ.
Калий диетасының кезеңдері мен мәзірі
Калий диетасы 4 кезеңнен тұрады.
Бірінші кезең
Калий диетасының бірінші кезеңі қалауыңызға қарай 1-2 күннен тұрады. Оның мәзірі мынадай болады:
Таңғы асқа 200 г жұқалтырға (фольга) көмештелген картоп жеп, 1 кесе шай ішіңіз. 1-2 сағаттан кейін 0,5 стақан көкөніс (сәбіз немесе орамжапырақ) шырынын ішу керек.
Түскі ас 200 г көкөністі сорпа-пюреден, үккіштен өткізілген сәбізден жасалған 100 г салаттан және жемістері бар желеден тұрады. Бірнеше сағаттан соң 0,5 стақан итмұрын қайнатпасын ішу қажет. Ол жүрекке өте пайдалы емдік құрал болып табылады.
Кешкі асқа 300 г картоп езбесін және 0,5 стақан итмұрын қайнатпасын дайындаңыз. Ұйықтар алдында 1 кесе жеміс шырынын ішіңіз. Бірақ шырынды өзіңіз үйден балғын жемістен дайындағаныңыз дұрыс.
Екінші кезең
Бұл кезең де 1-2 күннен тұрады. Оның мәзірі мынадай болады:
Таңғы асқа 200 г жұқалтырға (фольга) көмештелген картоп жеп, 1 кесе шай ішіңіз. Екінші таңғы ас 150 г тары ботқасынан және 0,5 стақан сәбіз немесе орамжапырақ шырынынан тұрады.
Түскі асқа 200 г орамжапырақ пен картоп сорпа-пюресін және 200 г картоп котлетін дайындаңыз. Ал десертке жеміс желесін жеуге болады. Бестік шайдың уақытында 0,5 стақан итмұрын қайнатпасын ішіңіз.
Кешкі асқа вегетариандық палау дайындаңыз. Күрішке аздап көкөністер қосып, бұқтырыңыз. Оған пияз, сәбіз, бұршақ және т.б қолдануға болады. Ұйықтар алдында 0,5 стақан жеміс шырынын ішіңіз. Кез келген тамақ жегенде тұзсыз пісірілген 2 тілім нан жеуге болады.
Үшінші кезең
Үшінші кезең 2-3 күнге созылады. Күнде мәзір бірдей болады.
Таңғы асқа кепкен жемістері бар 200 г тары ботқасын жеп, 1 кесе шай ішіңіз. 1-2 сағаттан кейін 200 г картоп пюресі мен 0,5 стақан сәбіз немесе орамжапырақ шырынын ішуге болады.
Түскі ас мәзірі 150 г көкөністер қосылған қой еті сорпасын, 150 г сәбіз котлетін және 1 стақан кепкен жемістер компотынан тұрады. Бестік шайдың уақытыда 0,5 стақан итмұрын қайнатпасын ішіңіз.
Кешкі аста 50 г қайнатылған балық, 200 г қайнатылған картоп және 1 стақан шай ішуге болады. Ұйықтар алдында жеміс шырынын ішіңіз. Жемістердің ішінде алманы таңдаған жөн, себебі оның құрамында калий көп мөлшерде бар.
Төртінші кезең
Төртінші кезең де 2-3 күнге созылады. Күнде тамақтану мәзірі бірдей болады.
Таңғы ас сүтке пісірілген 200 г қарақұмық ботқасынан, 150 г көкөністер салатынан және 1 кесе шайдан тұрады. 1-2 сағаттан соң шамамен 100 г өрік-мейіз және 0,5 стақан көкөніс (сәбіз, орамжапырақ) шырынын ішуге болады.
Түскі ас мәзірі вегетариандық картоп сорпасынан, қайнатылған ет қосылған 200 г палаудан және 1 стақан кепкен жемітер компотынан тұрады. Бестік шай уақытында бұқтырылған алма жеуге болады.
Кешкі асқа 200 г картоп котлетін, 50 г қайнатылған майсыз ет және 1 кесе шай дайындаңыз. Ұйықтар алдында жеміс шырынын ішіңіз.
Жүрек-қан тамырлар денсаулығын пайдалы тағамдар жеу, физикалық жаттығулар жасау және күйзелісті жағдайларға берілмеу арқылы үнемі ұстап тұру қажет. Жоғарыда айтылған диетаны ұстай алмасаңыз, оның ішіндегі пайдалы тағамдарды өз тамақтану үлесіңізге қосуға тырысыңыз. Мысалы: сәбіз бен алма шырыны, суға қайнатылған картоп, көкөністі сорпалар.
Дереккөз: massaget.kz