Таразда «Текті сөздің төресі – терме» облыстық байқауы өтті
Тараз қаласында «Текті сөздің төресі – терме» облыстық байқауы өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Тіл мәдениетін дамытып, дәстүрлі терме жанрын халыққа кеңінен насихаттауды ұран еткен байқауға сөз өнерін жетік меңгерген термешілер қатысып, сынға түсті.
Облыстық байқауға аудандар мен Тараз қаласынан 11 үміткер қатысып, өнерлерін ортаға салды. Үміттерін үкілеп келген термешілер ұлттың болмысын, елдің бірлігін, Сүгір жырау Бегендікұлының 125 жылдық мерейтойына орай тақырыптық бағыттардағы термелерін арқау етті.
Сондай-ақ, қазылар алқасы термешілерді әншілік шеберлігіне, таңдаған туындысының мазмұндылығына, сахна мәдениетін ұстауына қарап баға береді.
Жүлделі орын алған қатысушылар тиісті дәрежедегі дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталады. Бұған қоса, халықтық өнерді насихаттауға бағытталған бұл байқаудың жеңімпаздары республикалық кезеңге жолдама алады.
Дереккөз: Jambyl TV