Ағымдағы жылдың 11 маусым күні Тараз қаласындағы «Достық үйінде» облыс әкімінің міндетін атқарушы Бекболат Орынбеков халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздарымен кездесті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Кездесуге барлығы 94 дарынды оқушылар мен мектеп басшылары қатысты.
2018-2019 оқу жылында облыс бойынша халықаралық, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстарға қатысқан 245 оқушының 130-ы (55,2%) жеңімпаз атанды.
Оның 29-ы – Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардан, 43-і – Республикалық, Президенттік олимпиадалардан, 22-сі – Республикалық ғылыми жобалар жарыстарынан және 36-сы – Республикалық «Зерде» ғылыми жобалар жарысынан және Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні олимпиадасынан жеңіспен оралған дарынды оқушылар.
Республикалық пәндер олимпиадасының және ғылыми жобалар жарысының қорытындысы бойынша облыс командасы, «Ең үздік команда» атанды.
Еркін форматта өткен кездесу барысында дарынды оқушылар облыс әкімінің міндетін атқарушы Бекболат Орынбековке сан түрлі сұрақтар қойып, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына алғыстарын жеткізді.
Жиын соңында Бекболат Орынбеков дарынды жастарға алғыс білдіріп, 100 000 теңгенің сертификатын тапсырды.