Тексерушілерді күтіп алып, шығарып салуды тоқтату керек. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбсары Нұрлан Еркебаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына сәйкес мемлекеттiк қызметшілерге қызметтiк iс-сапарларға баруға арналған шығыстары өтеледi. Оның ішінде, iс-сапарда болған уақытына тәулік ақысы, межелі жерге жету және кері қайту, жүріп-тұру, тұрғын үй-жай жалдау шығыстары мемлекет есебінен төленеді.
Бұл ретте, заңнамада бекітілмеген мемлекеттік қызметшілерге іс-сапар шығыстарын өтеу, оларға арнап дастархан жаю немесе көңіл көтеру шараларын ұйымдастыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдері ретінде бағаланатындығын ескертілді.
«Іс-сапарда жүрген лауазымды тұлғалар өзінің мінез-құлқымен және сыртқы келбетімен азаматтар мен басқа мемлекеттік қызметшілер үшін үлгі болуға тиіс. Сыйлықтар алуға, жол жүру билеттерін, қонақ үйде тұруын төлеуге, дастархан басындағы отырыстарға қатысуға, сондай-ақ спирттік ішімдіктерді ішуге жол берілмейді», — деді ол.
Департамент тарапынан мемлекеттік органдардың басшыларына, әсіресе бақылау функциялар атқаратын қызметшілерге, ресми сайттар мен әлеуметтік желілерде тексеру мақсатымен іс-сапарға шыққан қызметкерлердің суретімен ақпараты жариялануы қажеттілігі туралы тиісті хат жолданды. Онда тексеруге барған мемлекеттік қызметшінің тарапынан әдеп нормалары сақталмаған жағдайда қай нөмерге хабарласуға болатындығын көрсету қажет.