Кәсіби бағыт беру- орта білімнің стандартына айналады

0 3

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Жолдауда қар­қынды  дамыған және энклюзивті экономика құру, әлеуметтік саланы жаң­ғырту, медициналық қызмет­тердің қолжетімділігін арт­тыру, өңірлерді дамытуды жалғастыру және тағы сол сияқты маңызды мәселелермен қатар бұқарамен кері байланыс орнатудың тиімділігін арттыру, ауыр қылмыс түрлеріне қолданатын   жазаны қатаңдату шараларына басымдық берді. Елі­міздің жаңа тарихындағы маңызды белеске жақындаған тұста мемлекет басшысының бұл Жолдауы — Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, дамудың жаңа, сапалы кезеңіне шығу мүмкіндігін көрсеткен маңызды құжат.

Елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам басқан тұста білім  беру сапасын жақсартуды жалғастыру кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшу қажеттігін айтты. Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап кетуінің себебін ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығынан деп түсіндірген Қасым-Жомарт Кемелұлы «Дипломмен — ауылға» бағдарламасының аясын кеңейту керектігін айтты.

Біздерді, яғни ұстаздар қауымын қуантқан білім беру саласына қатысты тағы бір мәселе- дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шет елдік жоғары оқу орындарына дайындау керектігіне басымдық бергені. Ауылдық жерлерде дарынды, білімге құштар, қабілетті жастар көп. Үшарал ауылындағы Ә.Сағынтаев атындағы орта мектепті 2018-2019 оқу жылында бітірген 12 түлектің алтауы білім грантының иегері атанды. Тоғыз түлек жоғары оқу орындарына түссе, 2 түлек кәсіптік білімді таңдады. Аталмыш оқу жылындағы  көрсеткіш бойынша  32 оқушы облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары атанып, мектебіміздің мерейін өсірді. Бұл ауыл мектебі үшін үлкен жетістік деп білемін.

Мемлекет басшысы мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында келесі жылдан бастап олардың жалақысы 25 пайыз өсетіндігін  білім қызметкерлерінің республикалық тамыз конференциясында мәлімдеген болатын. Бұл мәселе Президент Жолдауынан да тыс қалған жоқ. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев оқушыларды сапалы оқулықпен қамтуды тиісті министрлікке тапсырды.

Білім беру сапасын жаңғырту жолындағы осындай кешенді шаралар қарқынды түрде жүзеге асады деген сенімдеміз.

 

Е.Тілеубердиев,

Талас ауданы, Ә.Сағынтаев атындағы орта мектептің  директоры, Үшарал ауылы.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.