Бүгін Таразға арнайы келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі жанынан құрылған республикалық ақпараттық — ағартушылық штабының мүшелері кездесуін Баласағұн мәдениет үйінде жалғастырды, деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Штаб басшысы Ырза Тұрсынзада, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің өкілі А.Бердалин, Ақпараттық-ағартушылық штабтың жергілікті өкілдері мыңға жуық жастармен кездесіп, патриоттық рухпен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру маңыздылығына тоқталды.
Жастар форумына облыстағы барлық жоғары оқу орындары мен колледждердегі «Саналы ұрпақ» клубтары мен жастар ісі жөніндегі комитет мүшелері, мектептердегі «Адал ұрпақ» клубтарының мүшелері, сонымен «Парасатты отбасы» конкурсына қатысушылар мен оқу орындарының директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары шақырылған.
Нұрғиса Тілендиев атындағы облыстық мектеп-интернатының оқушылары адалдық жайында жазылған өлең шумақтарын оқыса, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің 4 курс студенті, «Саналы ұрпақ» клубының мүшесі Ғалия Абылай «Сенім аксиомасы» тақырыбындағы баяндамасын арнады.
Департамент тарапынан ұйымдастырылған ақындар айтысының жеңімпаздары Медеу Мырзатай мен Мұқағали Батабаевта сахнада өнер көрсетті. Сондай — ақ, арнайы тапсырыспен әзірленген сыбайлас жемқорлық профилактикасы бағытындағы бейнероликтер көрермен назарына ұсынылды.
Ырза Тұрсынзада Штабтың құрылу мақсатымен таныстыра келе, жастарды еліне адал, жанашыр болуға шақырды.«Ақпараттық-насихаттық штабы халықпен сындарлы диалог құру және кеңейтілген ақпараттық іс-шаралар арқылы парасаттылық қағидаттарын дамыту мақсатында құрылды» — деді Штаб жетекшісі.
Сондай-ақ, Ол парасаттылық құндылықтары бойынша әр бала үйден тәрбие алып, әр бір студент жасқа оқу орнында дұрыс бағыт-бағдар берілсе елімізде жемқорлық болмайтынын айтты.
Кездесу барысында жастарға ерекше сенім білдіре отырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда белсенді түрде жұмыла күресуге шақырды.