Әлия Саққұлова: 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер төлеу жүргізілу үстінде

0 4

Бүгінгі күні әлеуметтік желіде халықты толғандырған тақырыптардың бірі әрі бірегейі – 42 500 теңгенің «жыры» екені белгілі. Оны біреулер қалай аламын десе, енді біреулері қашан аламын деп әуре болуда. Оны кімдер алады, алу жолдары қандай? Осы және өзге де мәселелер жайында Байзақ ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Саққұловамен сұхбаттасудың сәті түсті.

— Әлия Бағысбекқызы, алдымен сұхбатты елімізде жарияланған Төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған азаматтарға 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер төлеу бағытында ауданда атқарылып жатқан жұмыстардан бастасақ?

— Мемлекеттік сақтандыру қорынан төленетін 42 500 теңге – ресми және бейресми жұмыс істеп жүрген, бірақ төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған адамдар үшін қарастырылған төлем. Мүгедек жандар жасына, санатына қарамастан, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, ресми жұмыссыз ретінде тіркелген адамдарға бюджеттің есебінен ақшалай көмектер көрсетіледі. «Biz bіrgemiz» қорының есебінен және еліміздегі патриот азаматтардың атынан азық-түлік топтамалары берілуде. Ал, аз қамтамасыз етілген, кедейшілік деңгейінен төмен тұратын отбасыларға, яғни, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы 749 отбасының 6-18 жасқа дейінгі 1272 балаларына Төтенше жағдайға байланысты көмектер көрсетілді.
Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда ауданда Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айырылған азаматтарға 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер төлеу жүргізілу үстінде. «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес Акционерлік қоғамының мәліметтеріне сәйкес, Байзақ аудандық бөлімшесі арқылы бүгінде 21231 өтініш қабылданып отыр. Өтініштер саны күн санап артуда. Өйткені, аудан тұрғындары пошта байланыс торабы мен «Халық Банкі» АҚ-ы аудандық бөлімшесі арқылы есеп шоттарын ашып, өтініштерін тіркеп жатыр. Жоғарыда айтқан 21231 өтініштің 18153-і қанағаттандырылып, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тиесілі қаражаттарын алады. Ал, 116 тұрғынның өтініштері қанағаттандырылмаса, 2 адамның өтініші «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға жіберіліп, қайта қаралуда.

— Бұл әлеуметтік төлемді кімдер ала алады? Декреттегі әйелдерге аталған төлем беріле ме, сол туралы кеңірек тоқталып өтсеңіз?

— 42 500 теңге ресми, бейресми жұмыс істеп жүрген, бірақ төтенше жағдай салдарынан табысынан айырылған азаматтарға қарастырылған. Олар – жалдамалы қызметкерлер, шағын және орта бизнестің жұмыскерлері. Егер жалдамалы қызметкерлер мәжбүрлі түрде, ақысы төленбейтін еңбек демалысына жіберілсе немесе жұмыстан шығып қалса, аталған төлемді алуына болады. Қашықтан жұмыс істейтін адамдар бұл төлемді ала алмайды. Жалдамалы қызметшілер қатарына коммерциялық емес ұйымдардың да жұмысшылары кіреді. Олар ақысыз демалысқа жіберілген болса, аталған төлемді ала алады. Мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік ұйымдарға бұл төлем берілмейді.
Әлеуметтік төлем берілетін келесі топ – өз бетімен жұмыс істеп жүрген жеке тұлғалар. Олардың арасында ресми және бейресми жұмыспен айналысып жүргендер бар. Ресми жұмыс істеп жүргендер – жеке кәсіпкерлер, адвокат, нотариус, сот орындаушысы мен медиатор, фрилансер сияқты жеке практикамен айналысып жүргендер. Олар төтенше жағдайға дейін тиісті әлеуметтік жарна аударған болса, өтініш беруіне болады. Олардың қатарына төтенше жағдайға дейін бірыңғай жинақтық төлемді аударған адамдар да жатады.
Бейресми жұмыс істеп жүргендер – ешқашан еңбек шартын жасамаған, салық төлемеген, әлеуметтік төлем төлемеген, тіпті бірыңғай жинақтық төлемді де төлемеген адамдар. Мемлекет басшысы осындай адамдарға да 42 500 теңге төлену керек екенін, бірақ бұл үшін алдымен бір рет мәртебесін ресімдеу керек екенін айтты.
Мәртебені бір рет ресімдеу деген – бірыңғай жинақтық төлемді төлеу. Оны бір рет төлесеңіздер, 42 500 теңгені ай сайын аласыздар. Бейресми жұмыс істеп жүргендер бірыңғай жинақтық төлемді төлегеннен кейін келесі күні аталған портал арқылы өтініш бере алады. Бірыңғай жинақтық төлем төлей салсам, ресми жұмыс істемей жүрген адам ретінде 42 500 теңге бере салатын шығар деп ойлайтын азаматтарға айтарым: егер сіз қазір жұмыс істеп жүрсеңіз немесе жеке кәсіпкер болсаңыз, басқа әлеуметтік төлемдер алып жүрсеңіз, 42 500 теңге аламын деген ойыңыз дұрыс емес.
Декреттегі әйелдерге аталған төлем беріле ме деген сұраққа жауап беріп өтсем, оларға бала күтімі үшін бала бір жасқа толғанша мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді. Бір жыл асқаннан кейін олар жұмысқа шығар еді, бірақ төтенше жағдайға байланысты ешкімді жұмысқа алмайды. Сондықтан декретте отырған аналар бір жыл өткеннен кейін бірыңғай жинақтық төлемді төлеп, 42 500 теңгеден үміттенуіне болады.

— Осы тұста мүмкіндігі шектеулі адамдар мен көп балалы аналар қандай жағдайда әлеуметтік төлем ала алатынын айта кетсеңіз?
— Екі санатты қарастырайық. Бірінші санат — мүгедектік бойынша жәрдемақы алатындар. Екінші санат – жәрдемақы алып және сонымен қатар кәсіпкерлік қызметпен айналысады. Қосымша кәсіпкерлікпен айналысқан және төтенше жағдай туындағанға дейін бірыңғай жинақтық төлем төлеген болса, онда олар осы төлемді ұсынуға және алуға құқылы. Егер, төтенше жағдай туындағанға дейін олар бірыңғай жинақтық төлем төлемеген болса, бірақ оны бүгін төлесе және мемлекеттен төлемдерді, яғни, мүгедектік бойынша жәрдемақы ала берсе, онда олар бұл төлемді талап ете алмайды, өтініш берудің қажеті жоқ.
18 жасқа дейінгі төрт немесе одан да көп баласы бар аналар көп балалы отбасыға тиісті жәрдемақы алады. Егер, олар бизнеспен айналысса және төтенше жағдайға дейін БЖТ төлеген болса, онда олар төлем жасауға өтініш бере алады, егер жоқ болса, мүмкін емес.
— 42 500 теңге төлемді қалай алуға болады?
— Мемлекеттік сақтандыру қорынан төленетін төлемге өтініш қабылдайтын egov.kz және 42500.enbek.kz порталы жұмыс істеп тұр. Біздің үш негізгі арна бар, сол арқылы 42 500 теңгеге өтініш бере аласыз. Бұл egov.kz, мұнда «ТЖ жағдайында 42500 төлеу» тетігі, сонымен қатар, 17 аймаққа бөлінген 42500.enbek.kz және Telegram-bot сайты бар. Бұл 17 аймақтық боттарды қолдануға болады.
Осылардың кез келгеніне ЭЦҚ, қосымша сканерленген құжатсыз, бланкісіз кіріп, бірнеше жолды толтыру керек. Егер сіз жалданған қызметкер болсаңыз, ұйымның БСН, телефон нөмірі, электрондық пошта мекенжайы (міндетті емес), IBAN (міндетті емес) –  өтініш бере аласыз, ол қаралады. Сосын әр азаматқа SMS арқылы немесе egov.kz-тегі «жеке кабинетте» «қабылданбаған» немесе «мақұлданған» деген нақты нәтиже түседі.
— Тағы бір сауал. Төлемдер қанша мерзімде түсуі керек? Үш күннен артық немесе бір апта, он күн күтіп жүргендер не істейді? Төлемнің шотына түскенін күту керек пе, әлде қайта өтініш беру керек пе?
— Ережеге сәйкес бүкіл үрдіс — үш жұмыс күні: бірінші жұмыс күні — жергілікті атқарушы органдар үшін, әкімдіктер үшін, жұмыс берушілердің өтініштері солар арқылы өтеді.
Екінші жұмыс күні — «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері үшін, ал, үшінші жұмыс күні жеңілдіктер тағайындайтын Әлеуметтік сақтандыру қорының қызметкерлері үшін. Осы үш жұмыс күні ережелерде белгіленген. Қазір Әлеуметтік сақтандыру қорының, мемлекеттік корпорацияның, әкімдіктердің барлық қызметкері бүкіл өтініштерге мүмкіндігінше жылдам қызмет ету үшін тығыз жұмыс істеуде.
Барлық өтінімдер бір жүйеге тіркеледі. Егер екінші өтініш қосымша келсе, ол жүйемен жойылады. Екінші рет өтініш жібермеңіздер. Келіп түскен барлық өтініш өңделеді және олардың әрқайсысы үшін де, электронды үкіметтің «жеке кабинетінде» де, телефонға SMS арқылы да нәтиже туралы хабардар етіледі. «Сіздің өтінішіңізге сәйкес, 42 500 теңге төлем тағайындалды» немесе «Сізге сол себепті бас тартылды …» деген хабарлама келеді. — Шотты көрсету туралы «1414»-тен хабарлама келеді.
«1414» — бұл бірыңғай колл-орталық, ол жалпы мемлекеттік қызметтерге және осы салада жұмыс істейді. Бірыңғай байланыс орталығы, enbek.kz — бұл аталмыш төлем туралы сенімді ақпар алуға болатын ақпарат көздері екенін айта кеткім келеді.

— Сұхбат бергеніңізге рахмет, еңбектеріңіз жемісті болсын.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.