Тажалды тежеу талабы — іс жүзінде

0 3

Есірткіге салыну әдеті бүгінде адамзат баласын алаңдатып отырған ең қатерлі кеселдің біріне айналғаны жасырын емес. Сондықтан, бұл дертке бой алдырмаудың, мүмкін болса одан хал-қадерінше арылудың жолын іздемеген ел кемде-кем. Бірақ өмірдегі шындықты жұрттың бәрі көріп отыр. Есірткіге еліктеу, одан арыла алмай нашақорлыққа салыну үйреншікті жағдайға айналғандай. Бұдан кейін кесірлі кеселден құтылар еш амал қалмағандай көрінеді. Әйтсе де, «Сақтансаң сақтайды» — дегендей, есірткіден сақтану мен нашақорлыққа қарсы түрлі шараларды ұйымдастыра білген ұтатыны анық.

Осыған орай, құқық қорғау органдары мен аудан әкімдігінің бірлескен іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмысшы топ құрылды. Жұмысшы топтың ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 18 сәуірінен бастап 12 мамырға дейінгі аралықта ауданға қарасты құм өңірінде құрамында есірткі және психотроптық заттар бар өсімдіктерді өсіруге және жинауға тыйым салынатындығы жөнінде ескерту жұмыстарын жүргізу жүзеге асырылуда.
Жоғарыда көрсетілген құқық қорғау органдары мен аудан әкімдігі және аудандық ормандарды, жануарлар дүниесін қорғау мекемесі басшысының орынбасары, қорықшы, орман шеберінен құралған топ өткен сенбіде құм өңірінде алғашқы жұмыстарды бастап кетті.
Ботамойнақ ауылдық округіне қарасты «Қызыл есік» шұратынан бастау алған шара ауылдық округке қарасты мал жайылымдары арқылы жүргізіліп отырды. Алғашқы екі күннің ішінде 8,3 гектар аумақтағы құрамында есірткі және психотроптық заттар бар өсімдіктерді жою жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, «Мұстақұл», «Арғын», «Сасай» мал жайылымдарында бір-бір гектар, «Томарлы», «Кіші Төре», «Үлкен Төре», «Еден», «Дөңгелек», «Аяқкөл» мал жайылымында 0,5 гектар, «Сарытөбе», «Теріскенді», «Қарғалы», «Ақ қорған», «Жыланды», «Нияз» мал жайылымында 0,3 гектар, ал, «Атамқұл» мен «Тәкіш Байтана» мал жайылымында 0,2 гектар жерлер аударылды.
Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 10 шiлдедегi «Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы» № 279 Заңының 21 — бабының 3 — тармағына сәйкес, құрамында есiрткi және психотроптық заттар бар өсiмдiктердi өсiруге және жинауға лицензиясы жоқ кез келген заңды тұлға, осы өсiмдiктер өсетiн жер учаскелерiнiң иелерi немесе пайдаланушылары болып табылатын азаматтар оларды жоюға мiндеттi. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» № 235-V ҚРЗ Кодексінің 420 — бабында «Ауыл шаруашылығы дақылдары егiстiктерiнде, бақшаларда, жүзiмдiктерде, питомниктер мен парктерде, егiн алқабының, суландыру және ирригациялық-мелиоративтiк желiлердiң жиегiнде, тас және темiржолдардың оқшау белдеулерiнде, ұйымдардың аумақтарында, қалалар, кенттер мен басқа да елдi мекендер тұрғындарының жер учаскелерiнде, сондай-ақ мемлекеттiк орман және су қорлары, мемлекеттiк запас жерінде және нұсқамадан кейiн ұйымдарға бекiтiлiп берiлген жерде жабайы сораны жоюға шаралар қолданбау жеке тұлғаларға – он, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – қырық, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жетпіс, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатыны» көрсетілген.
«Бүгінгі кешенді іс-шара өздеріңіз көріп тұрғандай құрамында есірткі және психотроптық заттар бар өсімдіктерді өсіруге және жинауға тыйым салынатындығы жөнінде ескерту жұмыстарын жүргізу болып табылады. Бұл жұмыстар құқық қорғау органдары және жергілікті билік тарапынан қолдау тауып отыр» — дейді аудандық ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі басшысының орынбасары Мәди Нұралиев.

Бұдан кейін бекітілген кестеге сәйкес Жаңатұрмыс ауылдық округіне қарасты мал жайылымдарында ұласқан шарада 12,3 гектар аумақта құрамында есірткі және психотроптық заттар бар өсімдіктерді жою жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, «Тияна» мал жайылымында 4 гектар, «Ешкі баз» мал жайылымында 3 гектар, «Қырқын баз» мал жайылымында 3 гектар, «Жолайрықта» 1,5 гектарға жуық жер, «Алаңбайда» 0,7 гектар, «Шошқа өлгенде» 0,5 гектар, ал, «Жиек» пен «Үш тау» мал жайылымдарында 0,3 гектардан аударылды.
Мемлекеттік органдардың бірлесе қабылдап отырған кешенді іс-шарасы арқасында есірткі жағдайының өршуіне, есірткінің заңсыз айналымына қарсы тегеурінді тосқауыл қою көзделуде.Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

Еркін НАХИМОВ,
аудан әкімі аппаратының бас инспекторы, жұмысшы топ хатшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.