Тұрар Рысқұлов ауданында жол жөндеу мәселесі шешімін табуда , — деп хабарлайды «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Жол мәселесі тұрғындар үшін әрдайым өзекті. Тұрар Рысқұлов ауданында да жолға қатысты да мәселелер жеткілікті. Осы қордаланған мәселені шешу мақсатында аудан әкімдігі биыл жалпы аудан бойынша ауылішілік 91 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 717 млн.тг.бөлді.
Атап айтар болсақ, тек аудан орталығы Құлан ауылында ғана 46 көшеге, Луговой ауылында 17 көшеге,басқа да ауыл көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Одан бөлек аудандық мәндегі кірме жол саналатын Құлан-Шөңгер және Р.Сәбденов ауылының солтүстік кіре берісі мен оңтүстік кіре берісі жолдары да 98 млн.тг.жөнделетін болады.
Қазіргі уақытта 30 көшеге орташа жөндеу жүргізетін мердігер болып жергілікті «Құлан жолдары» ЖШС-і анықталып, жұмыс басталды. Аталмыш кәсіпорында 70 жұмысшы бар, алдағы уақытта аудан тұрғындарынан 50-ден аса адамды маусымдық жұмыспен қамтиды.
Қазір Қарақыстақ ауылдық округіндегі облыстық мәндегі басты Жібек жолы және ауылішілік А.Базарқұлов көшесі жөнделуде.
Сонымен қатар облыстық мәндегі Көгершін-Құлан аралығы, Құлан-Қарақыстақ аралығында автокөлік жолдарының орташа жөндеуі басталып, халықтың сұранысы қанағаттандырылуда.
«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы»бағдарламасы аясында
Облыстық мәндегі 25 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізуге қаржы қарастырылған.
Бұл жұмыстардың барлығының сапалы атқарылуын әкімдік тарапынан қатаң бақылауға алуға аудан әкімі Ерболат Садырқұлов баса назар аударып отыр.
Бұл мәселе қоғамдық бақылау тобы мүшелері мен «Т.Рысқұлов-адалдық алаңы» жобалық офисі мүшелері тарапынан да қатаң бақылауда.