Тұрар Рысқұлов ауданы ғана емес облысқа аты мәлім өлкетанушы,тарихшы, ауданның құрметті азаматы, ардагер ұстаз, «Мерейлі отбасы»конкурсының облыстық жеңімпаз әулет басшысы Әлі Бекқұлы Әліұлы қарияның Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Парыз» атты кітабы жарық көрген болатын. Тұсауы да мереке қарсаңында кесілуі жоспарланған. Төтенше жағдайға байланысты бұл шара шегеріліп,онлайн форматқа көшірілді.
Автор бұл кітабын 1981 жылдан бастау алған үлкен ізденістер мен зерттеулердің,деректеулердің жемісті нәтижесі екендігін айтады.Кітап ҰОС көпшілік білмейтін құпия тарихын паш етіп,жалпы оқырманға,әсіресе жастарға керемет тәрбиелік мәні зор құнды дүниелерге толы.
«Жиханкез жан» атанған жергілікті өлкетанушы Әлі Бекқұлы Әліұлы ҰОС жайлы Тараз,Алматы,Курск,Мәскеу,Белоруссия сынды жерлерде өткен конференцияларда өз еңбегін насихаттап,жариялаған азамат,өз елінің нағыз патриоты.
Ол -Ресейді,Белоруссияны,оның ішінде Ленинград,Петербург, Новгород,Тверь, Волоколомск,Зубцовск,Ржев, Великие Луки, Смоленск,Псков,Воронеж,Тула, Минск,Гомель,Брест қалаларына барып, жерлес жауынгерлер зиратын тауып, ресми деректер мен құжаттар жинаған жанкешті, өз ісіне шын берілген жан.
Кітапта тың дерек пен дәйек көп. Тек оқып,ізденіп,қажетке жарату-оқырманның еншісі.
Бекқұлы Әліұлы облыста сонау 1981 жылдары «қызыл ізшілдер»жасағын құрып, Бүкілодақтық өлкетанушылар слетіне қатысқан.Қазіргі уақытта «Парыз»қоғамдық бірлестігін басқарып,жұмысын жүйелі жалғастырып келеді.
Бар саналы ғұмырын қазақстандық жауынгерлер дерегін жат жерден тауып,жұртына таныстырумен келе жатқан қарапайым ұстаздың еңбегі ұшан-теңіз. Тек 2013-2019 жылдар аралығында Ресейдің 14 облысынан,Белорустың 6 облысынан қаза тапқан Жамбылдық жерлес 1200 жауынгердің есімін тауып,еліне таныстырып,ескерткішке жазылуына ықпал етуінің өзі -үлкен ерлік.
Осы ретте автор өзі:» Соғыстың әрбір күні,сағаты,минуты мәңгі ұмытылмас тарих,естен кетпес шежіре ретінде жадымызда сақталып, ешкім де,ешнәрсе де, ешқашан да ұмытылмауы керек»,-дейді.
Осыған алып-қосарымыз жоқ. Автордың «Парыз» кітабын оқыған жан өзі-ақ осыны ұғар…