Тағдыры тосын сыйға толы жан

0 9

Құлан ауылында Гавриков Владимир Васильевич есімді жан тұрады.Ол өзін таныстырғанда «тағдырым тосын сыйға толы жанмын»-,деп таныстырады екен.
Шындығында солай…

«Менде бақытты балалық шақ болмапты. 1938 жылы дүниеге келдім, 1939 жылы әкем Василий Гавриков Фин соғысынан кеткеннен із-түссіз кетті,хабарын білмей өстік.Мен әкемді түсімде белгісіз солдат деп көремін.Ал анаммен 1941 жылы соғыс басталғанда үлкен әулет болып,неміс тұтқынына түсіп,анам, ағам,әкпем төртеуміз концлагерьде болдық. Анам күні бойы окоп қазу жұмысына кететін,біз көп балалармен қоражай секілді казармада қалатынбыз,-деп еске алады қария.
Дүние есігін Ресей мемлекетінің Калуга облысының шалғайдағы Хатково деревнясында ашқан бала Владимирдің өмірдегі тосын сыйы мұнымен бітпеген. 1943 жылы Кеңес әскерінің тұтқиылдан жасаған шабуылынан соң олар паналаған деревня азат етіліп,үш жылға созылған концлагерьдегі тозақ өмірлері қалыпты жағдайға түскен.
Тұтқындағы сәби баланың есінде не қалды?-деген сауалға Владимир қария бір ғана сәт қатты есте қалғанын көзі жасаурай отырып жеткізді.
«Қатты есімде қалғаны деревняда тауық көп еді,біз жұмыртқасын алуға таласатынбыз. Неміс солдаттары кез келген ауладағы тауықтың басын шауып өлтіріп,денесін қоржын сөмкеге салып әкететін де біз шабылған басты жинап,қайнатып сорпа жасауға әкелетінбіз.Сондай бір сәтте жерден оқ-дәрі жинап жүрген неміс солдатының май құйрықтан бір теуіп,мені жылатқаны қатты есімде қалды»,- деп есіне түсірді. Сол күндер көз алдына кино лентасындай елестеген болар сірә,үнсіз қалды.Үлкен әулеттен анам және ағам,әкпем,мен тірі қалдық.Басқаларын білмей де таппай да қалдық деп қамыға еске алды.
Владимир Васильевич 8 жасында Ұлы Жеңіс келген соң мектеп табалдырығын аттап, 1946-1953 жылдар аралығында 7 сыныптық білім алған. Бұл уақытта туған ағасы Василий Васильевич Луговой ауданына келіп,сол кездегі «Май зауыты»қызметкері болып еңбек атқарып жүрген екен.Туған ағасының шақыртуымен бозбала ойда-жоқта Қазақ жеріне келіп,өмірін де еңбек жолын да осында бастаған. 1954 жылы аталған «Май зауыты»жолдамасымен Алматыға кешкі мектепке оқуға түсіп, әрі кәсіп меңгеріп, механик атанып,еңбек жолын бастаған.Өзі бұл туралы «бұл маған тосын сый болды, айдалада оқимын,білім аламын деген ой болған жоқ еді,анам 1947 жылы қайтыс болған соң жалғыз қалған маған бұл тағдырдың сыйы еді»-, дейді. Әкпесі тұрмыс құрып,Ресей жерінде ғұмыр кешкен.Бір отбасы тағдыры осылайша басқа арнаға бұрылғаны шынында да-тосын сый.
Зейнеткерлікке шыққанға дейін 40 жылдан аса осы зауытта түрлі қызмет атқарған қарапайым еңбек адамы жан жары Уколова Клавдия Антоновнамен 1961 жылы үйленген.Жары Клавдия Антоновна аудандық пошта торабында 44 жыл бір жерде қызмет атқарған. Қазір екі қария еңбек демалысында.Екі қызы, бір ұлы,5 немере, 4 шөбересі бар.
Бала болса да соғыс зұлматы мен қайғы-қасіретін шеккен көп жанның бірі Гавриков Владимир Васильевичтің өмір жолы,тағдыр тарихы міне осындай.
Сұм соғыстың адамзатқа әкелген қасіреті ешқашан ұмытылмақ емес.
Кездесуге барғанымызға қуанған қария бұл мен үшін тосын сый деп қарсы алды. Ал біз үшін ортамызда соғыстың қанды қырғынынан аман қалып,тағдыр тәлкегімен Қазақ елінде өмір сүріп,елдің тілеуін тілеп отырған қарапайым орыс қартының қилы тағдырын өз аузынан есту шындығында тосын сый болды.
Қария «ешқашан соғыс болмасын,халқым жаманшылық көрмесін, балалар аман болсын!»-деген тілекпен бізбен қимай қоштасты. Өмір бойы халықпен біте қайнаса бірге жүрген жары Клавдия Антоновна қуанып,ризашылықпен «аталарың қуанды,ол бүгін көп жасарды»-дегеніне қариялардың жылы сөз бен мейірімді, көңіл бөлуді қалайтынын іштей мойындадым.Аман болыңыздар,сүйегі асыл,түрі басқа тілегі бір,жүзі басқа жүрегі бір жандар.Өмір енді тек жағымды тосын сыйларымен қуантсын!

Л.Өтеулиева-ішкі саясат бөлімі басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.