Парасатты педагог, мақтан тұтар майдангер

0 29

Мамыр айының алғашқы күндерінен бастап барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «Отан үшін от кешкен батырдың біз ұрпағымыз!» марафоны жүзеге асырылып жатыр. Мектеп қауымдастығының әрбір мүшесі отбасындағы майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігі жайлы түрлі бейнесюжеттер мен материалдар әзірлеп, көпшілікпен бөлісіуде.

Сұрапыл соғыс жылдарында кеуделерін оққа тосып, елі мен жерін қорғаған майдангерлер қатарында ұстаздар қауымы да аз болмаған. Солардың бірі Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия пәні мұғалімі Эльмира Акимованың әкесі – Тұрсын Әкімов.
Саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім беруге арнаған парасатты педагог, сол ұрпақты жау қолынан қорғауға да атсалысқан. Майдангер есімі өзі 20 жылдан астам уақыт қызмет атқарған Жамбыл ауданындағы №7 Жетітөбе орта мектебіне берілген.
Ұлағатты ұстаз еңбегі аудандағы әрбір шаңырақ жадында, үлкен құрметке ие. Тұрсын Әкімов педагогикалық жолын Бірлік ауылында бастауыш мектеп мұғалімі болып бастаған. Артынша соғыс басталып, 1941 жылы майданға өз еркімен аттанады. Бір жылдан соң ауыр жарақат алып, демобилизацияланады. Оралысымен Шақпақ бастауыш мектебінің директоры болып жұмыс атқарады.

1944 жылы Т. Әкімов әскерге қайта шақырылып, Кемеров облысының Сталинск қаласына комендант ретінде жіберіледі. Ол 1963 жылы отанына оралғаннан кейін, бірден Новожизненск орта мектебінің директоры болып тағайындалды. Осы жылы оның бастамасымен мектепке Максим Горькийдің есімі беріледі. Біраз уақыттан кейін Тұрсын Әкімұлы мектеп жанынан Кантемировка, Алексеевка, Луначарка, Некрасовка сынды қойлыауыл балаларына арналған интернат ашады.
Педагог майдангердің басты қасиеттерінің бірі жанашырлық пен кішіпейілділік еді. Өзі басшылық еткен мектептерде оқушылардың жайлы білім алуы үшін барлық жағдайды жасап келген.

Әкесінің ұстаздық жолымен қыздары да жүріп келеді: Урмира Тараз қаласындағы №21 орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болса, жоғарыда айтқандай, екінші қызы Эльмира Назарбаев Зияткерлік мектебінде химия пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді.
– Әкеміз тамаша дарынды педагог қана емес, өз отбасын, ауылын шексіз сүйетін, солар үшін жанын салатын патриот азамат болған. Қазіргі таңда оның тәрбиеленушілері мен оқушылары Отанымыздың түкпір-түкпірінде үлкенді-кішілі қызметтер атқарып жүр. Әкеміздің жасаған жақсылықтарын жерлестері ешқашан естен шығарған емес, – дейді олар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.