Құрметті ардагерлер! Қадірменді қауым!
Төрткүл дүниені дүрбелеңге салған Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына – биыл 75 жыл толып отыр.
Бұл ортамызда жүрген және өмірден өткен соғыс ардагерлерінің – «екінші рет» дүние есігін ашқан 75-ші жылы!
Ал, артта қалған 75 жыл бойы – біз Ұлы Отан соғысының ауыр қасіреті мен ол әкелген жазылмас жара, жүрекке «сызат» салған шерлі шері туралы үнемі айтып келеміз.
Өйткені, бұл тарихи Жеңіс – соғыс өртін көрген, оның зардабын шеккен барлық халық үшін ортақ Жеңіс!
Олай болса, соғыс және тыл ардагерлерін, барша Сарысу ауданы тұрғындарын Ұлы Жеңістің — 75 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлы Жеңіс – майдандағы әрбір жауынгердің жанқиярлық ерлігі мен тылдағы халықтың жанкешті еңбегі арқасында келгені дәуір ақиқаты!
Сондықтан да, осы 75 жыл бойы – майдан даласында өлшеусіз ерлік көрсеткен жау жүрек батырларымыздың өмірі мен қаһармандық жолдарын жас буын өкілдеріне үлгі-өнеге етуден бір сәт те тайған емеспіз!
Арды жалау, намысты ту еткен – отандастарымыз Отан алдындағы, артта қалған қара орман халық алдындағы жауынгерлік Анттарына берік болды!
Олар – Мәскеу мен Сталинградты, Украина мен Белорусияны, Прибалтика елдері мен Европаны неміс-фашистерінің қанды шеңгелінен азат етті.
Олар – блокадада қалған Ленинградты қорғай отырып, қасірет шеккен халықты жау құрсауынан босатты.
Олар – Днепр, Одер, Висла өзендерінен өтіп, Курск доғасындағы ең ауыр шайқаста қаһармандық ерлік көрсетті.
Ел басына күн туған сол бір қисапсыз ауыр шақта біздің хас батырларымыз – партизан құрылымдарында болып, жауға тосыннан соққы берудің алғы шебінде болды.
Бабалар қанымен тараған рух пен тектілікті бір бойына жинаған 500-ден астам ержүрек қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды.
Олардың алдыңғы қатарында Талғат Бигелдинов тұрды.
Бір ғана Днепрді алу кезіндегі шайқастарда 20 қазақстандық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. Олардың 8-і жамбылдық солдаттар.
Ал, 1990 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың табанды талабының арқасында Ұлы Отан соғысында өр мінезімен және ерлік қасиеттерімен айрықша көзге түскен хас батырымыз Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры жоғарғы атағы берілді.
Сондай-ақ, Ұлт Тәуелсіздігі жылдарында Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерліктері еленбеген даңқты Рахымжан Қошқарбаев, Бақтыораз Бейсекбаев, Хиуаз Доспанова мен Мөрдін Тайыповтар «Қазақстанның Халық Қаһармандары» атағына ие болды.
Қымбатты қауым!
Құрметті жастар!
Ең өкініштісі киелі Әулиеата өңірінен Ұлы Отан соғысына аттанған әрбір төртінші солдат туған топырағына оралмады. Олар Отан үшін қаһармандықпен опат болды.
Олардың қатарында Сарысу жерінен майданға аттанған жүздеген жауынгерлеріміз де бар.
Жанға батары, бүгінде сол қаһарлы соғыста ерлігі ұрпағына мұра болған Жеңіс солдаттарының қатары жыл санап сиреп бара жатыр. Дегенмен, бүгінде от пен оқтың ортасынан еліне аман-есен оралған Ұлы Отан соғысының ардагерлері — ІбіжановҚабыл, Махамбетов Мысалы және Шәйменов Кемелбектей ардагер жауынгерлер ортамызда.
Ал, Жеңіс туын еліне ұстап қайтқан көптеген сарысулық ардагер ағаларымыз – соғыстан кейін ауданның халық-шаруашылығын өркендетуге айрықша үлес қосқаны белгілі.
Олардың есімдері – Сарысу ауданының тарихына Алтын әріппен жазылғаны уақыт шындығы.