Ерлік елге мұра,ұрпаққа аманат! Өскелең ұрпақ жадында аға буынның батырлығы мәңгі жаңғырып тұра бермек. Ұлы жеңістің 75 жылдығына орай Тараздағы ЖД-158/7 мекемесі ардагерлерді ардақтап, жеңіс үшін алғыс айтып, құрмет көрсетуді жөн көрді. Сый-сияпат көрсетіп, азық-түлігінде ала барды. Майдангермен емен-жарқын әңгіме құрып, құнды жәдігердің мол мұрасын тыңдап қайтты. Колесниченко Владимир Васильұлы 1926 жылы Украинада қарапайым шаруа отбасында дүниеге келеді. 30 жылдар басында Сібірге жер аударылған. Небәрі 17 жасында аға-әпкесі соңынан соғысқа аттанады.
1943 жылы Тюменьдегі оқу полкінен шақырту алып, артиллерист болуға үйретіледі.Ал 1944 жылы маусымда отты майдан даласына тап болады. Белорусь фронтында шекіседі, жағдаятқа байланысты пулеметші де болады. Шекараға жақындай түскенде Прибалтикаға жөнелтілді. Осы жылы Риганы алып, ерен ерлігі үшін басқолбасшы Сталиннің алғысына қол жеткізеді. Көп ұзамай Одера шайқасында жараланып, Куйбышев қаласындағы госпитальға түседі. Міне, осы кезде Ұлы Жеңістің тәтті дәмін сезіну бұйырыпты. Владимир Васильұлының отбасы батырлар отбасы деуге толық негіз бар. Туған ағасы мен әпкесі де сұм соғысқа қатысып, ерлік танытқан.1963 жылы Қазақстанға көшіп келіп, нан комбинатында механик болып зейнет жасына дейін еңбек етеді. Жамбыл облысында 65 жылы ІІІ дәрежелі Даңқ орденін алғаш рет көкірегіне тағады. Одан соң Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі медалі,өзге де мерекелік төсбелгілермен марапатталды. Біздің өңірде Колесниченколар отбасы 70-дан жылдан астам тұрып келеді. Ардагер 5 баладан 12 немере,14 шөбере сүйіп отыр. Орны бөлек мерекеде келіп құттықтаған мекеме қызметкерлеріне алғыс білдіріп, бейбіт күннің қадірін білуге шақырды. Майдандас болған аға-әпкесі туралы да әңгіме өрбітті.