Байзақ ауданның шаруалары енді төрт-түліктерін құнарлы жасыл жеммен азықтандыруды қолға алмақ. Заманауи технология тұрғындардың әлеуметтік табысын арттыру пилоттық жобасына енген Талас ауылында жүзеге асырылуда. Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі қанатқақты жобаның бүгінгі жай-күйімен танысты-деп жазады «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Байзақ ауданы Талас ауылында орналасқан «Қостөбе-2019» кооперативі облыс тұрғындарының табысын жақсарту жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру аясында құрылған болатын. Бүгінде құрылымға 47,1 миллион теңгеге 12 бірлік техника сатып алынған. Сондай-ақ, ондағы екі контейнерде аптасына үш тонна жасыл жем өсіруге арналған гидропон жабдығы орнатылған. Өсірілген жем кооператив мүшелеріне сатылатын болады.
— Мемлекет жеңілдетілген несиеге қажетті қаражатты бөлді. Енді бірлесіп жұмыс істеу керек. Сол кезде ғана мәселелерді тиімді шешуге болады. Мұндай жақсы бастаманың жемісті болуы сіздерге байланысты болып отыр. Басты міндеттердің бірі – облыс бойынша мал басын арттыру,-деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі «Алель Агро» ЖШС Жамбыл филиалы құс фабрикасын салу жобасымен танысты. Алайда, жергілікті қосалқы станцияға қосылуы, Тараз қаласынан құс етін өңдейтін зауыт үшін ғимарат табу – қиынға соғып отыр екен. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 40 мың тонна құс етін өндеуге шақталса, 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Бүгінде аудандағы «Әулие – Ата Феникс» құс фабрикасы 100-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Фабрика голландиялық технология бойынша жұмыс істеуде. Онда әлеуметтік пакет, жақсы жалақы қарастырылған. Тіпті, ай сайын қызметкерлерге 20 келі тауық еті беріліп отырады екен. Бердібек Сапарбаев кәсіпорын цехтарын аралап, технологиялық үдеріс барысымен танысып, ұжыммен әңгімелесті.
«Жасұлан Флора» ЖШС жылыжайларында да голландиялық технологиялар қолданылуда. Онда ландшафты, негізінен петунь гүл тұқымдары өсірілуде. Пеларгония гүлдердің қымбат және таңдаулы түрлері де кездеседі. Олардың мың данасы 64 евро тұрады. Серіктестіктің раушан, тамариск сирень, рябин тұқымдарын өсіретін өз тәлімбағы да бар екен. Кәсіпорын Қазақстанның көптеген қалаларында, соның ішінде Елордада да ландшафтық дизайнмен айналысу ісін жолға қойып алған.