Сарысу ауданында сот ғимаратында зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілді , — деп хабарлайды «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
COVID-19 жаңа коронавирусының пандемиялық сипат алуына орай, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шараларды жүргізу қолға алынған болатын.
Солардың қатарында, гигиеналық және зарарсыздандыру құралдарын қолдануды көздейтін алдын-алу шараларын қолдану қажеттігі де көзделді. Сарысу аудандық сотының ғимаратында жұмыс уақытынан тыс уақытта вирустық инфекцияның жұғуы мен таралуының алдын алу мақсатында соттың барлық ғимараты ішінде және сыртында дезинфекция жасалды.
Жұмыс уақытында сот ғимаратына ылғалдандыру арқылы дезинфекциялық тазалау жүргізіледі. Соттың мамандары мен судьялардың кабинеттерінде, сотқа кіре беріс және сот залдарында дезинфекциялау құралдары орналасқан. Мекеменің барлық қызметкерлері медициналық бетперделер (маскалар) мен қолғаптар түрінде қорғаныс құралдарын қолдануда.
Алдын алу шараларын қалай дұрыс сақтау керектігін түсіндіру үшін медицина қызметкерлері шақырылып, олар сот ұжымымен профилактикалық шара ретінде сұхбат әңгіме жүргізілді.
Сонымен қатар, пандемия кезінде күн сайын сот қызметкерлерін жұмысқа жіберу үшін олардың температурасын өлшеу арқылы тексеріліп отырады.