Баянды бағдарламаның басым бағыттары

0 8

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елімізде бірқатар маңызды бастамалар жолға қойылып, нақты шаралар атқарылып жатқаны баршаға белгілі. Биыл да бағдарлама аясында жүзеге асатын іс-шаралар жоспары жыл басында бекітілген.

Оның ішінде тұлғаны дамыту бағыты бойынша – 35, ұлттың дамуы, халықаралық позициялау бағытында – 29, мемлекеттің, азаматтық қоғамның, жергілікті қоғамдастықтардың дамуы бойынша 28 іс-шара өткізу жоспарланған.

Елдегі карантин режимінен кейін бағдарлама жоспарына өзгерістер енгізілгені рас. Дейтұрғанмен, ілкімді бастамалардың бірқатарын атап өтпеске болмайды. Мәселен, «Ұлы Жібек жолы» деген атпен ұйымдастырылатын мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы оқыту курсы және экскурсия, «Родные просторы» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Байқоңыр қаласына экскурсия, сондай-ақ «Жас экскурсия жүргізуші» байқауы елдегі жағдайға байланысты ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында жүзеге аспақ. Әрине, осыған дейін де туған жердің тарихын, мәдениетін, әдебиетін, салт-санасын әспеттейтін, сол арқылы өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезім ұялату мақсатында ұйымдастырылған байқаулар мен түрлі бағыттағы әдеби-сазды кештер де ұйымдастырылып келді. Өмірде әр жеке тұлғаның өзіндік орны, таңдаған жолы, арманы бар. Яғни ешкімді де бөліп-жаруға болмайды. Адамның адамнан айырмашылығы білек күшінде емес екенін де кезінде хакім Абай бекерге айтпаса керек-ті. Бұл бастаманың да маңызы сол – ерекше жандардың қоғамнан бөлініп, жеке-дара қалмауын бақылауда ұстау. Бүгінде спортпен айналысып, жетістікке жетемін деген мүмкіндігі шектеулі жандарға Паралимпиада ойындарына дайындайтын орталық та бар. Патриот жастар елдің мерейін үстем ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтыны белгілі, соған қарап «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы зор екеніне тағы бір көз жеткізуге болады. Аталмыш бағдарлама аясында маусым айының басында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ демеушілік етуімен «Қаратау» мөлтек ауданында орналасқан №№1, 2, 3, 4, 5 үйлердің ауласында жалпы көлемі 1300 шаршы метрді құрайтын орынға балаларға арналған спорт алаңшасы ашылады. Сондай-ақ «Дара» қайырымдылық қорының демеушілігімен Төле би даңғылы, №95 мекенжайында ойын алаңшасы мен ерекше білім беруді қажет ететін балалардың отбасыларына тиімді көмек көрсету үшін №20 орта мектептің маңынан №2 ППТК (психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті) орталықтың салтанатты түрде ашылуы да жоспарға енген.

Сондай-ақ шілде айында бизнес-құрылым өкілдерін, меценаттарды, үкіметтік емес ұйымдар мен волонтерлерді ынталандыру, көтермелеу және қайырымдылық қызмет, меценаттық пен мейірбандық идеясын танымал ету мақсатында жыл сайын өткізілетін «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, барлық санаттағы жастардың ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін үздік әлемдік тәжірибені пайдаланып, қаладағы Абай атындағы, М.Әуезов атындағы, М.Шолохов атындағы кітапханаларда, №30, 47 мектепте «Коворкинг» білім орталықтары ашылып, шығармашылық және ғылым жолындағы жастардың бірлесе жұмыс жүргізуіне мүмкіндік беретін орталыққа айналды. Ал М.Әуезов атындағы кітапханада балалар мен жасөспірімдерге арналған кіші кино залы ашылып, тәрбиелік мәні зор кинолар мен мультфильмдер көрсетілуде. Онда жастар көрсетілім бойынша ой-пікірлерін ортаға салады. Әрине, бұл жоба көпшіліктің қызығушылығын оятады. Жаңа технологиялар қарыштап дамыған заманда бар мүмкіндікті өскелең ұрпақтың болашағы үшін орынды пайдаланған дұрыс.

Алдағы уақытқа жоспарланған шаралар көп болғанымен, жүйелі атқарылғандары да аз емес. Нақтырақ айтсақ, қала аумағында жыл басынан бері 150-ден аса іс-шара ұйымдастырылып, оған 30 000 аса қала тұрғыны қатысқан-ды. Солардың бірқатарын тізбектеп берсек артық болмас. Наурыздың 7-9 аралығында «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің көрме залында «Көрпе FEST» мегафестивалі аясында «Аналар аманаты» атты ақысыз семинар-тренинг өткізілді. Аталған семинар-тренингтің қорытындысы бойынша жеңімпаздарға арнайы сертификат пен тігін машиналары тапсырылды. Жалпы көрмеге 200-ге жуық қыз-келіншек қатысып, өздерінің әзірлеген қолөнер бұйымдарын сатылымға шығарды. Осы арқылы оң саусағынан өнер тамған қазақ қыздары шеберліктерін шыңдады. Халықты қызықтыратын дүниелер шығарды. Бұл, бір жағынан, төл туындымыз болса, екінші жағынан, кәсіп бастап, нәсібін көремін дегендерге үлкен серпіліс болғаны рас.

Биыл бағдарламаны жүзеге асыруда еріктілер де белсенділік танытып, өз үлестерін қосуда. Бүгінгі таңда Тараз қаласында құрамында 300-ден аса ерікті бар 3 волонтерлік ұйым жұмыс жүргізуде. Олар: «Қазақстан студенттерінің Альянсы», «Темірқазық» және «Сұңқар» волонтерлік қозғалысы. Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарында 6 волонтерлік ұйым, арнаулы оқу орындарында 21 волонтерлік топ құрылған. Жастар ресурстық орталығының ғимаратынан «Сұңқар» және «Темірқазық» волонтерлер қозғалысына арнайы кабинеттер берілді. Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде «Волонтерлік – әлеуметтік жастар лифті» атты волонтер жастар арасында форум, 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Басқаға қуаныш сыйлаған жан – бақытты жан» атты жастар қайырымдылық акциясы, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Еріктілер – қоғамның қозғаушы қуаты» атты кездесу ұйымдастырылды.

10-17 наурыз күндері Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай қаладағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үй маңында әскери бөлімшелердің шеруі ұйымдастырылып, волонтерлер үй шаруаларына көмек көрсетті. Сонымен қатар еріктілер коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында қала тұрғындарына арнайы тігілген бетперделерді, азық-түлік себеттерін тарату жұмыстарына да белсене атсалысты. Қысқасы, еріктілердің қатары артып, үлкен істерге бастауға дайын екендерін көрсетуде. Жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын ескерген жастар барлық шараларға бір кісідей атсалысуда.

Тосыннан жұқпалы індет келгенде ешкім де тосырқап қалмай, алдын алу шараларына уақтылы кіріскенін білеміз. Осыған байланысты елімізде жомарт жандар да аянып қалмады. Коронавирустың алдын алу мақсатында 3 ателье және 10 тігінші қыз-келіншек 7 500 бетперде әзірледі. Тегін маскалар еріктілердің атсалысуымен қаладағы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, әскерилерге, коронавирус пандемиясымен күрес жұмыстарын жүргізген мамандарға және көпбалалы аналар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға таратылды. 22 сәуірден бастап Тараз қаласы әкімдігінің жанынан құрылған жедел штабтың ұйымдастыруымен «NOMAD MMA» республикалық федерация президенті Г.Гаджиевтің демеушілігімен мүмкіндігі шектеулі жандарға, зейнетақасы төмен зейнеткерлерге, үй жағдайында арнаулы әлеуметтік көмек алатын жалғызілікті қарттарға ыстық тамақ ұйымдастырылды. Арнайы бекітілген мекемелер мен еріктілер коронавирус инфекциясына орай орын алған карантин режимі кезінде 100 отбасына «Сhinara» кафесі әзірлеген ыстық тамақтарды күніне бір рет 5 бағыт бойынша жеткізілуін қамтамасыз етті. Қала аумағында атқарылған бұдан өзге де игі шаралар аз емес. Мәселен, ысырапшылдықтың алдын алу мақсатында «Елдік елге байланысты» қоғамдық форумында қабылданған үндеу бойынша имамдар тарапынан қала мешіттерінде намаз оқуға келген жамағатқа және ас, құран бағыштау, өлім-жетім діни іс-шараларда жөнсіз ысыраптың алдын алу үшін қалада орналасқан 32 мешітке үндеу парақшалары орналастырылды. Сондай-ақ қала әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімімен бірге қаладағы 55 тойхана иелерімен өзара тиімді ынтымақтастық, түсіністік туралы меморандум жасалынды. Қаладағы 67 тойханаға бекітілген жаңа ас мәзірі ұсынылып, үндеу парақшалары ілінді.

Алдағы уақытта жыл соңына дейін атқарылатын шаруалар көп. Оның ішінде Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы мен Алтын Орданың 750 жылдығына орай ұйымдастырылатын шаралар да бар. Бірақ бәріміз үшін ең басты мәселе – коронавирус пандемиясымен күрес жұмыстарына үлкен күш салып, қауіпті індеттен толықтай арылу болып отыр.

Ұлана СЛАМБЕКОВА,

қала әкімдігі ішкі саясат

бөлімінің басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.